Сайлаудың соңына санаулы күндер қалды. 19 наурыз – елімізде мәжіліс пен мәслихатқа үміткерлер үшін дауыс беру күні. Бұл жолғы сайлаудың ерекшелігі – үміткерлердің аралас дауыс беру жүйесімен өткізілуі болып отыр. Осыған орай, үміткерлердің сайлауалды насихат жұмыстары қалай жүзеге асып жатыр? Сайлауалды бағдарламаларының өзектілігі қандай? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаттығына Алматы қаласындағы №3 бір мандаттық аумақтық сайлау округі бойынша (Алатау ауданы мен Әуезов ауданы) үміткер Талғат Жанысбаймен сұхбаттастық.
– Алдымен алдағы сайлауда сәттілік тілейміз, Парламент мәжілісінің депутаты болу туралы шешімге қалай келдіңіз?
– Демократиялық қоғамда әркім конституциялық құқығы негізінде саясатпен айналысуына ешқандай да кедергі жоқ. Бірақ халықтың соңғы кездердегі көңілі мен пікірі жанымызға қатты тие бастады. Халықтың арасында көп жүремін. Экономикалық қиындықтарда жаншылған халықтың пікірі және тәуелсіздік алған күннен бергі қол жеткізген демократиялық жетістіктерінен күн санап айырылып бара жатқанымыз маған қатты батты.
Билік шамадан тыс тоқмейілсіп кетті. Құқы жаншылған халықтың даусына құлақ асуды қойды. Оппозиция да халыққа үміт бере алмайтынын көріп жүрміз. Осының бәрін ескере келе, достарыммен ақылдаса отырып, үміткерлікке түсу әрекетіне кірістім.
– Талғат мырза, сонда осы кезге дейінгі жүйеге, депутаттарға көңіліңіз толмай ма?
– Депутат деген халық сайлайтын, халықтың өкілі, билік пен халық арасындағы ықпалдастық көпірі болу керек деп есептеймін. Халықтың даусын үкімет естімей жатса, сол үндеуді жеткізуші депутат болуы керек. Ал біздің көз алдымызда депутат – жеп, ішіп, керек десеңіз, ұйықтап отыратын адам ретіндегі образда қалған. Тіпті халық депутаттардың сөзіне сенбейді. Бірақ мұның бәрі 30 жыл бойы жүзеге асқан жүйенің кесірі деп білемін.
Қазір «Жаңа Қазақстан» деп жатырмыз. Бірақ оған халықтың басым бөлігі әлі күнге дейін күмәнмен қарайды. Себептер де жоқ емес. Алдағы сайлауда тағы да дауыс ұрлау болады деп, қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды. Барынша күресіп, қалай да билікке жаңа және парламентте ұйықтамайтын адамдардың баруына әрекет жасауымыз керек.
Сол үшін де Парламент мәжілісінің депутаттығына өзімнің кандидатурамды ұсынуды жөн көрдім. Жалпы бұл қадамға атақ, даңқ немесе билікке ұмтылу үшін емес, халықтың ішінде, саясат сахнасында жүрген 13 жылдық тәжірибеме сүйене отырып бардым. 30 жыл бойы белең алған әділетсіздік, биліктің бір қолға шоғырлануы, бай мен кедейдің арасы алшақтап, қарапайым халықтың кредиттен-кредитке, айлықтан-айлыққа жан созып жетуі, белгілі бір топтың ғана байып, халық тұрмысының нашарлауы, қолжетімсіздік, сот, прокуратура, полицияға сенбейтін, жемқор мемлекеттің пайда болуы мені осы әрекетке, яғни кандидатурамды депутаттыққа ұсынуға итермеледі.
– «Жаңа Қазақстанға» халықтың басым бөлігі әлі күнге күмәнмен қарайды дедіңіз. Демек, бұл жолғы сайлаудың әділ өтетініне күмәнмен қарайсыз ба?
– Әрине, бірнеше жыл бойы терең жайлаған әділетсіз биліктің тамырын бір күнде түбімен жою мүмкін емес. Оған да уақыт керек. Дегенмен бұл жолғы сайлауда әділеттілік болады дегенге аз да болса сенемін. Бұған Қаңтар оқиғасы себеп болады деп ойлаймын. Яғни, халық арасынан ұлтшыл, оппозициялық көзқарастағы, ұлттық мәселелерді көтеріп жүрген азаматтарды өткізуге биліктің өзі мүдделі болмақ. Бүгінгі күні билікке еңбекқор, іскер, алғыр, халық игілігі үшін қызмет ететін жастар керек. «Жас келсе – іске» демекші, енді билікте отырған зейнет жасындағы апа-аталарымызды құтты орындарынан тұрғызып, жастарға орын беру керек. Ал бұл сайлау сол жастардың легін билікке алып келеді деп сенемін.
– Қазір депутаттықтан үміткерлердің көптігінен кімнің кім екенін білмейміз. Үміткерлердің басым бөлігі бұрын саясатты айтпағанда, ұлттық-елдік мүддеде бой көрсетпегендер. Ал саясатта сіздің қаншалықты тәжірибеңіз, орныңыз бар?
– Мен бұл жолға топ етіп аспаннан түскен жоқпын, осы жолда жүріп келе жатқаныма 10 жылдан асты. Жоғары оқу орнын бітіріп, саясатқа 2009 жылдары араласа бастағаннан М.Шаханов көтерген «Тіл мәселесінде» барлық дөңгелек үстелдер мен митингтерде, 2016 жылы болған «Жер митингілері», жастар саясаты, базардағы жастар мәселесі, кешегі Қаңтар оқиғасы, тағы басқа да өзекті мәселелердің басы-қасында жүрдім. Қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігі, жастардың тәрбиесі, ұлттық құндылықтар туралы талай жерде сөз бастап, дөңгелек үстелдер мен конференцияларға қатысып, өзекті мәселелердің өзегін, шешімін табуға жұмыс істедім, істеп те жүрмін. Менің қоғамда істеп, көтеріп жүрген істерімді белгілі зиялы қауым өкілдері де, ұлтшылдар да, оппозиция өкілдері де жақсы біледі. Бірақ мен ел үшін, ұлт үшін атқарып жатқан жұмыстарымды міндетсінбеймін. Ол менің азаматтық парызым.
– Сіздіңше, елімізде шешуді ең бірінші қажет ететін мәселелер қандай және қысқаша не істеуге болады?
– Жоғары инфляция, үй шаруашылықтарын сатып алу қабілетінің төмендеуі, төл валютамыздың құнсыздануы және азық-түлікпен қамтамасыз етудің қысқаруы, үкіметтің қате саясаты мен ғылыми негізсіз әрекеттерінің кесерінен халықтың жағдайы нашарлап бара жатыр. Тек ақша нарығындағы уақытша шаралармен немесе нарықтарды кінәлаумен ғана экономикалық мәселелерді шеше алмаймыз. Өндіріс шығындарын азайтып, диқандарымыз бен мал шаруашылығымызды қолдап, өндіріс пен энергетикада шетелге тәуелділікті азайтуымыз керек. Биліктің бөлінуін орнату саяси проблема ретінде қарастырылғанымен, оның экономикаға тікелей әсерін жоққа шығаруға болмайды.
Демократияландыру – бұл тұрғыда ескерілуі қажет тағы бір талап. Заңды кепілдікпен болжамды нарық құру өте маңызды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдері мен шикізатын өңдемей экспорттауға квота белгіленіп, экспортымыздағы қосылған құны бар өңделген өнімдердің үлесін арттыру керек. Жоғары технологиялы өндіріс пен ғылыми орталықтар арқылы бренд құру, экспортта баға бәсекелестігінің орнына сапа бәсекелестігін жүзеге асыру да еліміздің баюына септігін тигізеді.
– Демократия деген ұғымды сылтаусыз ойлап таптыңыз, ал артыңызда сізді қолдайтын біреулер бар ма?
– Конституциямыз өте проблемалы болғанымен, көптеген демократиялық құқықтардың қағаз жүзінде қалғанын көріп жүрміз, бірақ іс жүзінде бұл демократиялық құқықтар әртүрлі сылтауларға тығылып, бізден алынып жатыр. Билікке келгенде, елге демократия әкелеміз деп уәде беретін саяси көшбасшылардың шынайылығына сенбеймін, өйткені олар демократияны өз партияларында жүргізбейді.
Демократия ертең емес, бүгін болғанын қалаймын! Ешқандай сылтаусыз демократиялық қоғам болғанын қалаймын. «Мені кім қолдайды?» дегенге келсек, бұл елде секталардың, мүдделердің немесе шетелдік күштердің қолдауымен емес, демократияның күшімен, әділдіктің таңдауымен, елдің ертеңіне бей-жай қарамайтын, пікірі қалыптасқан қоғам мен ел ертеңі қазақ жастарының қолдауымен Парламентте солардың үні болғым келеді.
– Егер де Парламентке өтіп жатсаңыз, қандай дүниелерге басымдық берер едіңіз?
– Менің саяси ұсыныстарым негізінде азаматтық және гуманитарлық қағидаттарға сай жан-жақты талқыланды. Этикалық және саяси негіздерге сүйенген жергілікті демократиялық принциптің әсері мен маңыздылығын, қазақстандық мүддені, қазақы рух пен берік ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығару негізі ұсынылады. Жалпыұлттық мүдделерді дамытатын және нығайтатын ынтымақтастығымыз бен ерік-жігеріміздің мәні мен маңызы сайлау үдерісінің ашықтығы негізінде жаңа аспектілерде талқыланды.
– Ендеше халық назарына ұсынып отырған бағдарламаңыздың өзектілігі неде? Тарқатып айтып өтсеңіз.
– Ең бірінші, мемлекеттік тілге мемлекет жағдай жасауы қажет. Тәуелсіздікті алғанымызға 30 жыл өткеніне қарамастан, мемлекеттік тілді тұғырына қондыра алмадық. Қазақ тілі қағазда ғана биліктің тілі, ал шынайы көріністе тұрмыстық деңгейде ғана қолданылуда. Осыған қатысты нақты ұсыныстар жинақтап, билікке талап-арыз айтатын сәт келді.
Екінші, әлеуметтік теңдік орнату керек. Олигархтардың ұрланған ақшасын халыққа қайтару қажет. Біз заңды түрде ақшаны қайтару үдерістерін жеделдетеміз. Бұл ақшаға үй, мектеп, ауруханалар салынады. Білім, медицина, сот жүйесі және тағы басқа салаға әлеуметттік теңдік орнатып, халыққа қолжетімді ету үшін күресеміз.
Үшінші, халық сапалы әрі қолжетімді медицина қызметін алуға тиіс. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылғанына 3 жылға жуық уақыт болды. Ресми мәлімет бойынша, содан бері денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2 есеге өсіпті. Осы ретте аталған салаға қаражат көлемі артқалы медицина қызметтеріне қолжетімділік жақсарды ма? Халық жалақыдан ай сайын мідетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ақша аударғанымен, оның игілігін көріп отыр ма? Меніңше, жоқ. Біз бұл мәселені мәжілісте көтереміз.
Төртінші, баспана бас ауруына айналмауы керек. Пәтер кезектері шынайы жұмыс істеуі керек. Қарапайым адамдар үшін кезектер жылжымайды. Біз жаңа, әділ жүйені әзірлейміз. Бұл тұрғыда пәтер бағасының жалпы құны әрбір туған бала үшін 10 пайыз шегеріліп отыруы тиіс деп санаймын.
Бесінші, қарттардың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасау керек. Егде кісілерге арналған денсаулық сақтау бағдарламасын ұсыну. Қарттарға жеңілдетілген медицина мен шипажайға жолдама ұсыну.
Алтыншы, сыбайлас жемқорлықпен күресудің тетіктерін ұсынамыз. Біздің мақсат – барлық саланы монополистерден тазартып, ел байлығын халықтың өзіне қайтару.
Жетінші, жастар мен жас отбасыларды қолдау және ынталандыру. Жастардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру. Студенттік жатақханалардың жетіспеушілігін шешу. Жас отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған бағдарламалар жасау. Тіркелген жері бойынша жас отбасылардың балалары автоматты түрде балабақшаларда кезек алуы, әр бала туған сайын жас анаға шипажайға тегін жолдама беруін көтеру болып табылады.
– Сіздің бәсекелес үміткерлерден басты айырмашылығыңыз не деп ойлайсыз?
– Қоғамдық көлікте көп жүремін. Мен көлік жүргізуді білемін, бірақ ол маған ұнамайды. Кейбір адамдар мені танып, менімен сөйлесуге ыңғай танытады. Құдайға шүкір, ешкімнің алдында жіберген ағаттығым жоқ, бетім ашық. Өз жұмысымызды қоғамдық парыз санаймыз және қоғам алдында есеп беруді қалаймыз. Парламентке кім келсе де, жақтаймыз деген сөз емес. Біз де әрқашан қоғам, халық жағында болатындармен біргеміз. Мемлекет мәңгілік, ал оның қызметкерлері адал әрі мықты болуы керек.
Үгіт-насихат күндерінің бәрінде халықтың арасында жүрмін. Байқағаным – бізде сайлауға қатысушылар халықпен жұмыс жасауды білмейді екен. Үміткерлердің көпшілігі тозығы шыққан әдістерді қолданып жүр. Жергілікті саясат күн тәртібіндегі ең маңызды мәселелердің бірі сайлау десек те, оның әділдігі мен астыртын әкімшілік қолдаулары ара-тұра құлаққа жетіп жатыр. Кейбіреулер әзірден-ақ нәтижелер туралы айтып, қуана бастаған сияқты. Негізінде сайлаудың ашықтығы туралы көптеген мәселелер бар.
– Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу барысында қалыптасқан көзқарасыңыз және пікірлеріңізбен бөліссеңіз.
– Кейбір нәрселерді ашық, анық айту керек. Ұлттық мүдде жолындағы еңбегімнің қаншалықты маңызды екенін мен барлық жерде айтып жүрмін. Мемлекетте белгілі бір қызметке келу – қатардағы оқиға емес. Ұлттық мүдде жолында әлі атқарылар істер өте көп, бір сол үшін де Парламентке баруды шештік. «Мемлекеттік жүйеде әлі де кемшіліктер бар десең, кейбір жағымпаз топтар кіжінеді, кейбір ортадағылар ашуланды. Олар кабинетінен шықпай, төрт қабырғадан басқа ештеңе көрмей отырған адамдар. Ондай адамдармен мемлекеттік деңгейде жаңа даму сатысына шығу мүмкін емес. Мен түрлі оқиғаларға қарсы өз ұстанымымды ашық білдіретін және айтқан сөзіме жауап беретін адаммын. Бұл сайлау маған үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Әрбір іске жауапкершілікпен қараймын.
– Халықтың билікке деген көзқарасы, үміті бар ма? Бізде сайлаудың әділдігі туралы саналуан пікірлер бар…
– Ізденімпаздығым мен бастамам туралы оң пікірлер алдым. Мен мәселеге жауапкершілік мораль арқылы қараймын. Маңыздысы менің қандай болатыным емес, біздің қандай болатынымыз. Сіз мені саяси жауаптар беріп жатыр деп ойлайтын шығарсыз, бірақ мен халықтың ішіндегі өзім көрген дүниелерді айтып отырмын.
Шындығында, демократиялық елдердің өзінде биліктің бүкіл елдің атынан қаншалықты өкілдік ете алатыны даулы мәселе. Авторитарлық режимдердің өздерін әдейі мемлекетпен байланыстыратын ескі дәстүрі бар. Олардың мұны не үшін жасайтыны түсінікті. Биліктің ең үлкен стратегиялық қателігі «серіктестеріне» көп көңіл бөліп отырғандығы, олардың бұрынғы қызметіне «рақмет» ретінде жасырын қолдау білдіріп отырғандығы…
Адамдар сіздің ұстанымыңызға қарап, пікір білдіреді және сол ұстаным сіздің саяси бейнеңізді көрсетеді. Әрбір жазған қоғамдық пікірлерімнің ешқайсысынан ұялмаймын. Әдетте адам әрқашан жағымды нәрселерді есте сақтайды. Бір нәрсені нақты айтқым келеді. Оппозиция – саясаттың ісі. Мені көріп, оқитын немесе қазір бақылап жүргендердің бәрі біледі, мен халықтың көкейіндегіні айтамын. Соңғы уақытта оппозияциялық кейіп танытып, ұпай жинағысы келетіндер көп. Қазір Қазақстанда саяси ойын жасайтын уақыт емес, саясатыңды халыққа бұратын кез.
– Жалпы, үміткерлер қандай болуы керек деп ойлайсыз?
– Меніңше, Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес – мінезден» деген ұлы сөзі ұлттық ұранға айналуы керек. Бізге қазіргі күні мінезді жастар керек. Мінбер – қара бастың қамын емес, халықтың мұң-мұқтажын айтатын киелі жер. Алдағы сайлауда халықтың сөзін сөйлеп, датын даттап, мұңын жоқтайтын азаматтар Парламентке өтуі керек. Өйткені осы сайлау жарияланған күннен бастап жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған үміткерлер көбейді. Оның басым бөлігі қалталы азаматтар.
Ал олардың ішінде осы күнге дейін халық арасында жүріп, қандай да бір халық мүддесі үшін шынайы еңбек етіп, күрескендер жоқтың қасы. Тек сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жарнамалаудан алдарына жан салмай келеді. Мәселен, мен секілді қарапайым азаматтарға қаржының жоқтығы қолбайлау болды.
Сол себепті де үгіт-насихат жұмыстарын кешірек бастауыма тура келді. Әрине, мұның бәрі халықтың сенімінен артық емес деп ойлаймын. Халық жалт-жұлт еткен концерттер мен көздің жауын алатын жарнамаларға сенбей, осы күнге дейін халықтың арасында жүргендерге, халықтың игілігі үшін қызмет еткендерге дауыс береді деп ойлаймын және соған шақырамын!
– Рақмет! Іске сәт!
Жарияланымның ақысы үміткердің сайлауалды қорынан төленді.