1 мамырда Талғар қаласы маңындағы жаяу жүргіншілер жолағында 12 жасар оқушыны көлік қағып кетті. Оқыс оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде пайда болды, деп хабарлайды Qazaq.today Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, аталған іс бойынша барлық қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу іс-шаралары қолға алынды.
Toyota-ны тізгіндеген 18 жастағы жүргізушісі Бәйтерек – Талғар тас жолымен келе жатып, оқушы қызды қағып кеткен.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, кәмелетке толмаған қыз арнайы жол белгісі бар жерден жолды кесіп өтпек болған. Жол апаты салдарынан жаяу жүргінші түрлі дене жарақатын алып, Талғар қаласындағы ауруханаға жеткізілді», — делінген хабарламада.
Аталған факт ҚР ҚК 345-бабының 2-бөлігінде қамтылған қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша Талғар ауданының ЕҚДБ-да тіркелгені де нақтыланады.
Видео авторы жүргізушінің жоғары жылдамдықпен жолдың қарама-қарсы бетімен жүйіткігенін айтады. Сондай-ақ ол қыздың аяғы сынғанын да жеткізді.
Qazaq.today