Талғардағы түрмеден қашу: Жауапты қызметкерлер жұмыстан қуылды (видео)

Талғар ІІБ уақытша ұстау изоляторынан күдіктінің қашып кетуіне байланысты басшы мен жауапты қызметкер ішкі істер органдарынан қуылды. Бұл туралы ІІМ Qazaq.today тілшісінің ресми сауалына жауап ретінде мәлімдеді.

Ішкі қауіпсіздік бөлімі Талғар аудандық полиция басқармасы қызметкерлерінің немқұрайлығы бойынша ҚР ҚК 371-бабы («Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның немесе құқық қорғау немесе арнайы мемлекеттік органның өзге де басшысының қызметтік міндеттерін орындамауы») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Қылмыстық іс шеңберінде лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.

Сонымен қатар, қызметтік тексеру нәтижелері бойынша 12 қызметкер қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде ІУ бастығы мен жауапты қызметкер ішкі істер органдарынан теріс себептермен босатылды.

Еске сала кетейік, 26 жастағы ер адам өзімен және әжесімен бір үйде тұратын туған жиеніне зорлық-зомбылық көрсеткені үшін күдікке алынып, 21 қазанда Талғар ІІБ уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткен болатын.

Осыдан кейін облыста «Сирена» арнайы жоспары енгізіліп, негізгі бағыттарда блокпосттар орнатылды. Құқық қорғау органдары қызметкерлері мен еріктілер қашқынды жылу бейнекамерасы бар дронның көмегімен іздеді.

25 қазанда полиция қызметкерлері қашқынның ұсталғанын хабарлады. Күдікті қайтадан уақытша ұстау изоляторына қамалды. Енді оған қамаудан қашқаны үшін қосымша қылмыстық бап тағылады.