Шерзат Болаттың өліміне қатысты өтіп жатқан сот процесінде бүгін тағы бір куәгер – зейнеткер Светлана Қалтаева жауап берді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
Ол – қылмыстық іске қатысы бар деп танылған Дархан Әскентайға 1000 теңге аударылған Kaspi есепшотының иесі. Сот отырысында Светлана Қалтаева өзінің бұл іске еш қатысы жоқ екенін ашық мәлімдеді.
«Мен ешкімді танымаймын. Мұндағы ешбір адаммен таныстығым жоқ. Бұл жағдайға менің қатысым жоқ», – деді ол.
Қалтаева – 1953 жылы туған, жоғары білімді зейнеткер. Ол Алматы облысы, Іле ауданында тұрады. Прокурорлар куәгерден Kaspi қосымшасындағы есепшоттың кімнің бақылауында болғанын нақтылады.
«Kaspi телефонымды немерем пайдаланатын. Ол қазір колледжге қатынап оқиды. Ақша аударымдарына, немесе кімге не кеткеніне мен араласпағанмын. Оны нақты білмеймін», – деді куәгер.
Сот залында прокурор оған: «Кейін балаларыңыз ақша кімге аударылғанын айтты ма?» деген сұрақ қойды.
«Мен бұл туралы тек полициядан шақырту алған кезде ғана естідім. Бұған дейін мүлде білмедім. Өйткені мен балама сенемін. Ол менің тәрбиемде, көз алдымда өскен. Kaspi шотымды оған сабаққа барып-келуі үшін ғана беріп жүрдім. Өзім смартфонмен жұмыс істей алмаймын, телефондағы банктік қосымшаларды қолданбаймын. Дүкенде де тек қолма-қол төлем жасаймын», – деп жауап берді Светлана Қалтаева.
Айта кетейік, 2024 жылы 3 қазанда Талғарда жасөспірім Шерзат Болат кісі қолынан қаза тапқан болатын. Бұл іске қатысты бірнеше адам қазір сот жауапкершілігіне тартылып жатыр. Қылмыстық іс аясында тек күдіктілер ғана емес, оларға жанама қатысы бар тұлғалар да куәгер ретінде сұралуда.