Талғардағы оқиға: Айыптаушы тарап марқұм Нұрқанаттың жауаптарын оқыды

Шерзат Болаттың өліміне байланысты өтіп жатқан сот процесінде мемлекеттік айыптаушы тарап марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың сотқа дейінгі тергеу барысында берген жауаптарын жария етті, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Нұрқанат бұл іске жәбірленуші ретінде танылған. Оның айтуынша, қайғылы оқиға орын алған күні кешкі жеті мен сегіз аралығында «Қамажай» дүкенінің жанындағы ет дүкеніне ет жеткізген. Осы уақытта әкесі үйге қауын ала келуді өтініп, қоңырау шалған. Дүкен ішіндегі жұмыстарды Шерзат екеуі бірлесе аяқтаған соң, Нұрқанат үйге жалғыз кеткен.

«Шерзат мені жіберіп, өзі дүкенді жинап, кейін келетінін айтты. Сағат 23:00 шамасында жеңгем оятып, Қаржаубай ағамның шұғыл дүкенге келуімді сұрап жатқанын айтты. Кейін Шерзатқа хабарластым. Ағам оның біреумен төбелесіп қалғанын айтты», – дейді марқұм.

Нұрқанаттың баяндауынша, дүкенге оралғанда Дархан есімді жігіт Шерзатпен сөзге келіп, ерегісіп тұрған. Оқиғаның басы Дарханның Шерзаттың әкесіне дөрекі сөйлеуінен басталған көрінеді. Шерзат өз наразылығын білдіріп, Дарханды ұрып жіберген. Кейін бұл жағдайды «жігітше шешу үшін» Нұрболға хабарласқан.

«Нұрбол мен Дархан дүкенге қайта келіп, өздерін таныстырды. Нұрбол «мен хуторскиймін» деп өз беделін көрсетуге тырысты. Мен оны сабырға шақырып, келесі күні келісіп шешейік деп ұсыныс білдірдім. Сол сәтте ол келісіп, кетіп қалғандай болды, – дейді Ғайыпбаев.

Алайда жағдай мұнымен тынбаған. Біраздан соң Дархан жалған чек көрсетіп, Қаржаубаймен тағы жанжалдасады. Нұрбол дүкенге кіріп, төлем жасап кетсе де, артынан қайта оралып, қақтығыс жалғасқан.

«Шерзатқа көлік кілтін беріп, үйге қайт дедім. Сол сәтте Нұрбол мен Дархан қайта келіп, тағы да жанжал тудырды. Осы кезде Нұрбол «Чика» мен Нұрқиясқа хабарласып, көмек шақырды. Бұл төбелестің алдын ала ұйымдастырылғанын аңғартып тұрды», – делінген жауабында.

Көп ұзамай дүкен алдына бірнеше көлік келіп, ішінен Абзал, Шыңғыс, Нұрқияс және өзге де адамдар мен екі қыз түскен. Шерзат пен Нұрқанаттың сөзінше, осы кезде дүкен ішіндегі жағдай ушығып, төбелес басталған.

«Нұрқияс Ахмет деген баланы ұрып, ол бетонға құлады. Мен оны тартып алып, қашуға бұйырдым. Нұрқияс маған да соққы жасады, мен де жауап қайырдым. Шерзат кенет пайда болып, Абзалды ұрып жіберді. Айналамыз он шақты жігітке толып кеткен еді. Шерзат «қашайықшы» деді», – деп еске алады Ғайыпбаев.

Төбелес кезінде Шерзат ауыр жарақат алып, “маған бірдеңе тығып алды” деп үш мәрте айқайлапты. Нұрқанат оны құшақтап үлгеріп, арқа тұсынан пышақ тигенін көрген.

«Шерзатты құшақтап тұрғанда бірнеше адам маған жабылды. Абзал оң жамбасыма пышақ сұқты, артынан қайта-қайта ұрды. Басымнан темір затпен ұрған. Сол сәттен кейін не болғаны есімде жоқ. Ауруханада бір-ақ көзімді аштым», – дейді марқұм Нұрқанаттың тергеу барысындағы жауабында.

Бұл оқиға қоғамда үлкен дабыл қағып, қатаң бақылаудағы қылмыстық істердің біріне айналды. Сот отырыстары әлі де жалғасып жатыр.