Талғардағы қайғылы оқиға кезінде өмірден өткен жасөспірім Шерзат Болаттың отбасы әлеуметтік желілерде таралып жатқан ақпарат пен блогерлердің араласуы туралы өз пікірін білдіріп, ашық үндеу жариялады. Олардың айтуынша, кейбір блогерлер істің сот процесінің ашық өтуін талап етіп, билікке үндеу жолдап, оқиға туралы ақпарат таратып, тергеуге кедергі келтіріп жатыр. Бұл жағдай, әсіресе, қайғыдан қан жұтқан отбасыға ауыр тиюде.
Фото: respublika.kz.media
«Құрмет пен қолдау — бізге қажеттісі»
Шерзаттың жақындары бұл істе қоғамдық талқылаулар мен жалған ақпарат таратудың дұрыс еместігін айтты. Олар блогерлерден тергеу жұмыстарына араласпай, отбасының жеке шекарасын құрметтеуді сұрайды. Қазірде тергеу қарқынды түрде жүріп жатыр, ал барлық процестер прокуратура мен арнайы жасақтың бақылауында.
Үндеуде отбасына қажетті көмек көрсетіліп жатқаны, олардың психологиялық және қаржылық қолдау алатыны да айтылған. Шерзаттың ата-анасы мен ағасы іс бойынша жәбірленуші ретінде танылған, сондықтан тергеу материалдарына тек олар ғана қол жеткізе алады.
Қоғамды дүр сілкіндірген оқиға және отбасының талабы
Бұл қайғылы оқиға 4 қазан күні Алматы облысында орын алып, елді дүрліктірді. Жасөспірім Шерзат Болатты бір топ жігіт жабылып ұрып-соғып, нәтижесінде ол қаза тапқан. Бұл оқиғадан кейін 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртке оранды. Шерзаттың туыстары бұл өртті күдіктілермен байланыстырады.
Қазіргі таңда Нұрымовтар отбасы биліктен екі ғана нәрсе талап етіп отыр: тергеудің әділ жүргізілуі және отбасының жеке өміріне құрмет көрсету. Олар елдегі барлық жанашыр азаматтарға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіре отырып, ақпаратты жауапкершілікпен таратуға шақырады.