Қаржы мониторингі агенттігі Жезқазған қаласының екі тұрғынына қатысты «MetaGo» қаржы (инвестициялық) пирамидасы жарнамалау күдігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастады, деп хабарлайды Qazaq.today Ulysmedia.kz.-ке сілтеме жасап.
Аталған фактіні ҚМА Ұлытау облысы бойынша департаменті өңірлік прокуратураның үйлестіруімен және агенттіктің көлеңкелі экономика саласындағы талдамалық бөлімшелерімен өзара іс-қимыл нәтижесінде анықтаған.
«Күдіктілер «MetaGo» қаржы пирамидасының қызметі туралы ақпараттық ресурстарда («YouTube» бейнехостинг сайты, «Whatsapp» және «Telegram» мессенджерлері, «Facebook» және «Instagram» әлеуметтік желілері), сондай-ақ осы қаржы пирамидасының символикасы бар киім мен плакаттарды пайдалана отырып халықпен кездесулер мен жиналыстар өткізген. Осы арқылы 63 млн теңгеден астам сомада залал келтіріп, қаржы пирамидасының заңсыз қызметіне 80-нен астам азаматты тікелей тартқан», — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта қылмыстық кодекстің 217-1-бабы (адамдар тобының қаржы пирамидасын жарнамалауы) бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, Департамент бұрын жүргізілген арнайы жедел-іздестіру іс-шаралар нәтижесінде тіркелген Жезқазған қаласының осы тұрғындарына қатысты «MetaGo» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін құру және басшылыққа алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Qazaq.today