Табысы аз азаматтарға 50 мың теңгеден беріліп жатыр

Астанада табысы күнкөріс деңгейіне жетпейтін төрт санаттағы азаматтарға көмір алу үшін 50 мың теңгеден беріліп жатыр. Көмекті алу үшін қалалық жұмыспен қамту басқармасына хабарласу қажет. Іс-шара келесі жылдың 30 сәуіріне дейін жалғасады, деп хабарлайды Qazaqstan телеарнасы.

Астананың 40-станция аймағындағы темір жол тұйығы қаладағы көмір сататын ең үлкен орындардың бірі. Мұнда жылдағыдай ұзын-сонар кезек пен дүрбелең жоқ. Себебі, көмір жеткілікті, –  дейді мамандар.

«Біз тамыздан бастап сатып жатырмыз, соның әсерінен қазір даурығу жоқ. Көп халық алды», –  дейді көмір сататын орынның қойма меңгерушісі Алтынбек Есжанов.

Қойма меңгерушісінің айтуынша, вагондар кемі екі күн сайын келіп жатыр. Бірақ, сатып алушылар Шұбаркөл көмірінің аз екенін айтады.

Қазір неміс пешін жағады, Шұбаркөл ғана керек. Нашар кеп жатыр. Мына бізде Абай мен Жұбанов көшесінде сатылады. Бірақ оған мүлдем келмейді, –  дейді көмір сатып алушы Нәсіпбек Мұстафин.

Телеарнаның хабарлауынша, 40-станция тұйығына бүгін ғана жеткізілген 300 тонна көмір міне, 1 сағатта сатылып кетті. Ал, негізі қазақстандықтар жылына 10 млн тонна көмір тұтынады. Соның ішінде Шұбаркөлге сұраныс көп. Бірақ Шұбаркөлде жылына 3 жарым млн тонна шығарылады. Сондықтан кейде көмір жетпей жатады.

Теміржол тұйықтарында Шұбаркөл көмірінің бағасы – 13 850 теңге. Жібек Жолы, Талапкер, Қосшы, Қоянды және Аршалыға жеткенше тасымалдау құны қосылып, қымбаттайды.

Жеткізу ғой бізде. Қаланың сырты болса 20-25 мың, алыстаған сайын қымбатырақ болады. Қосшы, Қояндыға қаншаға апарасыз осы жерден? Мен Жібек жолына апарам, арғы жағы 25 бергі жағы 20 мыңға, – дейді тасымалдаушы Бағдат Мамыраев.

Өндіріс ошақтарында да былтырғы баға сақталған. Тек вагонмен тасымалдау бағасы 6 пайызға өскен. Ал, жауапты министрлік өкілдері Қазақстанда көмір көрші елдермен салыстырғанда ең арзан, –  дейді.

Ресей мемлекетінде көмірдің өзі бізде мысалы 15-20 мың болса, Ресейдің өзінде 50 мың теңгеден жетіп жатыр, Қырғызстанда 30 мың теңге. Дәл осы көмір Еуропа елдерінде қазір 10 есе көп. Жалпы баға жөнінде бізде жеткілікті, –  дейді ҚР ИИДМ Республиканы көмірмен қамтамасыз ету штабының басшысы Тұрар Жалмағамбетов.

Елімізде көмір сатылатын 300-ге жуық теміржол тұйығы бар. Соларға қазірдің өзінде халыққа қажетті отынның 50 пайызы жеткізілген. Бұл соңғы жылдардағы ең жақсы көрсеткіш, –  дейді жауаптылар. Өйткені, биыл жылыту маусымына дайындық көктемде басталған. Сондай-ақ, 8 облыста көмірге онлайн тапсырыс беру жүйесі іске қосылған.

16