Тағыда кешігу: Fly Arystan әуе компаниясының қызметкерлері мен жолаушылары арасында жанжал болды (видео)

Алматы әуежайында рейстің кешігуіне байланысты жолаушылар төбелес шығарды. Журналист Михаил Козачковтың сөзінше, Fly Arystan әуе компаниясының қызметкерлері өзін дөрекі ұстап, жолаушылармен арада жанжал басталған.

«Fly Arystan әуе компаниясы Шымкентке ұшатын рейсті кейінге қалдырып, жолаушыларды 20 минуттай желдеткіші жоқ автобустың ішінде ұстаған. Салдарынан бірнеше жолаушы шыдай алмай, сыртқа шығып кеткен. Ал әуе компаниясының өкілдері оларды бірден рейстен шығарамыз деп қорқытқан. Fly Arystan қызметкерлері өзін дөрекі ұстап, жанжал басталған», – делінген хабарламада.

FlyArystan әуе компаниясы оқиғаның 22 қыркүйекте болғанын хабарлады.

«Тосыннан өндірістік қажеттілікке байланысты KS 7107 Алматы-Шымкент рейсі мәжбүрлі түрде кешікті. Рейстің кешігетіні жолаушылар автобусқа отырған кезде белгілі болды. Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін олар терминалға қайтарылды. Бұл ретте кей жолаушылар автобустан шығып, отырғызу аймағына қайта оралудан бас тартты. Қадағалаушы мен авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері жолаушыларға мән-жайды түсіндірді. Одан кейін жолаушылар дөрекілік танытып, әуе компаниясының қызметкерлеріне, атап айтқанда ұшақ тиеу агентіне наразылықтарын білдіре бастады. Дегенмен видеоның астында көрсетілгендей супервайзер тарапынан болуы мүмкін төбелес немесе қоқан-лоқылар тіркелген жоқ», – деп хабарлады әуе компаниясы.

Айта кетейік, бұған дейін ұшаққа кешігіп келген FlyArystan әуе компаниясының жолаушылары Алматы әуежайының техникасын қиратқаны туралы жазған едік.