Астана қаласының әкімдігі көше тазалайтын жұмысшылардың жалақысын көтеруден бас тартса да, бір бірімен төсектес болатын еркектерге келгенде мемлекеттің қаражатын аямайды. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы гейлердің жыныстық қатынас кезіндегі жағдайы жайлы болу үшін бірнеше жобаны іске асырмақ, деп хабарлайды Qazaq.today агенттігі.
Еркектермен жыныстық қатынасқа түсетін ер адамдар арасында АИТВ-ның алдын алу бағдарламасын іске асыруда. Бұл бағдарламаға бюджеттен 15,7 миллион теңге бөлінген.
Аталған бағдарлама аясында 2025 жылдың соңына дейін кемінде 560 адамды қамту жоспарланған. Қатысушылармен жұмыс істеу үшін арнайы дайындықтан өткен сегіз қызметкер тартылып отыр. Әрбір маман кемінде 70 ер адамға ақпараттық және медициналық қолдау көрсетуі тиіс.
Бағдарлама жеке және топтық кеңес беруді, қауіпсіз мінез-құлық туралы шағын сабақтарды, АИТВ мен жыныстық жолмен берілетін басқа да инфекцияларға экспресс-тест өткізуді қамтиды. Жоспар бойынша, кемінде 532 қатысушы экспресс-тесттен өтеді.
Tengrinews басылымының жазуынша, қатысушыларға тегін мүшеқаптар, майлағыш гельдер, стерильді шприцтер және ақпараттық материалдар – буклеттер, брошюралар мен басқа да ағартушылық басылымдар таратылады. Сонымен қатар, шамамен 224 адамға қосымша көмек көрсету үшін арнайы медициналық кабинеттерге жолдама беріледі.
Бағдарлама аясында мақсатты топ шоғырланған орындарға шығу рейдтері жүргізіледі. Бұл жұмыстарға АИТВ орталығының қызметкерлері мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары қатысады. Осындай іс-шаралар арқылы кемінде 532 адамға қолдау көрсету көзделіп отыр.
Наурыз айының қорытындысы бойынша, 207 ер адаммен профилактикалық жұмыс жүргізілді. Оның ішінде 147 адам АИТВ-ға экспресс-тесттен өтті. 207 жеке кеңес, 414 шағын сессия және екі топтық сабақ өткізілді. Қатысушыларға 2070 мүшеқап пен дәл сондай мөлшерде майлағыш гель таратылды – әр адамға 10 жиынтықтан. Сонымен қатар, 97 ер адам доконтактылық профилактикаға жолданды, олардың 17-сі оны бастап кетті.
Бағдарлама мемлекеттік АИТВ-ның алдын алу стратегиясы аясында жүзеге асырылып, халықтың осал топтарының денсаулығын қорғауға бағытталған.
Гейлердің махаббатына аса сыйластық танытқан Астана әкімдігі көше тазалайтын жұмысшыларға келгенде тым қатал. Елорданың қиын ауа райына қарамастан көшенің тазалығына жауапты жұмысшылар бірнеше рет жалақының тым аздығын айтып көшеге шықты. Небәрі 200 мың теңгенің айналасында ақша алатын «Астана Тазалық» мекемесінің жұмысшылары сол қалпы талаптарын орындата алмады. Есесіне, бюджеттің ақшасы гей еркектерге жұмсалмақ.