Түркияда шахта опырылып 14 адам жарақат алды

Фото: Рixabay/PiotrZakrzewski

Түркияның Анкара провинциясындағы Бейпазар ауданында жер асты көмір шахтасы опырылып, 14 жұмысшы жарақат алды. Бұл туралы жергілікті билікке сілтеме жасап, Синьхуа жазды. 

Провинцияның губернаторы Васип Шахиннің айтуынша, инцидент өндірістік жабдықтар орналасқан аймақта болған. Апат кезінде 29 адам сол жерде жұмыс жасап жатқаны айтылды.

— Жарақат алған жұмысшылар ауруханаларға жеткізілді, екеуінің жағдайы ауыр, — деп хабарлады губернатор.

Жергілікті БАҚ-тың айтуынша, оқиға орнына дереу өрт сөндірушілер, медицина мамандары, жандармерия, сондай-ақ табиғи апаттар мен төтенше жағдайлардың салдарын жоюға арналған бригада жіберілді.

Бейпазар ауданының басшысы Ведат Йылмаз шахтаның опырылуына газ жарылысы себеп болуы мүмкін екенін болжап, қажетті сақтық шараларының қабылданғанын атап өтті.

Оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын Түркияның Энергетика және Табиғи ресурстар министрлігі мәлім етті.