Фото: © Sputnik / Табылды Кадырбеков
Әлеуметтік желіде Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Қошқар ата ауылының Борлысай мектебінде 2-cынып оқушысы зорланды деген ақпарат тарады. 7 маусым күні аталған мектептің 8-cынып оқушысы 2-сыныптағы қыз баланы алдап, Сүңгі өзенінің көпірі астына апарып, зорлаған дейді. Stan.kz ақпарат агенттігі оқиға туралы полиция департаментінен сұрап көрді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
“7 маусым күні 8-cынып оқушысы 2-сыныптағы қыз баланы алдап, Сүңгі өзенінің көпірі астына апарып, зорлағаны рас па? Бәйдібек ауданындағы білім бөліміне жауаптылар не бітіріп жүр, Мектеп директоры бұл туралы не айтар екен? Егер мұның бәрі рас болса, жергілікті әкімдік пен білім бөлімінің басшылығына қандай шара қолданылады?» – делінген желіде тараған ақпаратта.
Stan.kz сайты қыз баланың жақындарына хабарласып көрді. Олар ақпарат беруден бас тартты және заң өкілдеріне жүгінгендерін айтты.
Ал Түркістан облысының Полиция департаменті тілшімізге зорлық оқиғасы бойынша күдікті ретінде кәмелетке толмаған бала ұсталғанын хабарлады.
«Түркістан облысының Бәйдібек ауданында кәмелетке толмағанға қатысты құқыққа қарсы іс-қимыл фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалы жүргізіліп жатыр. Күдікті ретінде кәмелетке толмаған жергілікті тұрғын ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазір полиция барлық жағдайларды анықтауға бағытталған қажет жедел тергеу іс-шараларын жалғастырып жатыр. Іс Департамент басшылығының бақылауында», – деп пікір білдірді Түркістан облысының Полиция департаменті баспасөз қызметі.
Тергеу мүддесіндегі өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сай, жария етілмейді.
Ал Борлысай мектебінің директоры ретінде аталған Гүлжан Қатбаеваға хабарласқанымызда ол ақпарат таратуға құқығы жоқ екенін жеткізді және тексеріс жүріп жатқанын айтты.