«Тәрбие көрмеген»: Алтынай Жорабаева еркектерге шүйлікті

Фото: instagram.com/altynaizhorabayeva

Әнші Алтынай Жорабаева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында үй шаруасына қол ұшын созып көмектеспейтін ерлерді сынап, жұмыста әйел немесе ер деп бөлінбеу керектігін айтты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

“Міне – біздің үйдің ұстанымы. Тәрбиеміз де осындай. Еркектің немесе әйелдің жұмысы деп бөлмейміз. Кімнің қолы тиеді, сол жасай береді. Ағам да, інім де сондай. Қыздар малға да қараймыз. Жігіттер қолы тиіп тұрса, тамақ жасай салады. Сиыр сауып, күбі піседі”, – деп жазды әнші.

Сондай-ақ ауылда әкесінің шөп шайларымен емделіп жатқанын айтты.

“Кейбір еркексымақтар бар ғой. “Қатынның тірлігі” деп сөйлейтін. Олар өзіне сенімсіз, комплексі бар, тәрбие көрмегендер деп санаймын. Әкемнің анамның шайын дайындап береді. Массажын жасап, қан қысымын өлшеп отырады. Керемет жан. 28 сәуірде жамбасыма ота жасатып едім. Сол кезде ауырғанды сездірмейтін дәрілер іштім. Ол бауырым мен бүйрегіме әсер етті. Ауылда әкемнің қайнатқан шөп шайларын ішіп жатырмын. Күнде ішкізіп, уақытын қадағалап отыр”, – деп жазды әнші.