Қанат Бозымбаев БҚО-да су тасқынынан зардап шеккендерге арналған тұрғын үйлердің құрылысын жеделдетуді тапсырды
Премьер-Министрдің орынбасары Батыс Қазақстан облысындағы тұрғын үйлердің құрылысымен танысып, халықпен кездесті.
Сапар барысында Қанат Бозымбаев БҚО әкімі Нариман Төреғалиевпен және Индустрия және құрылыс вице-министрі Қуаныш Қажкеновпен бірге Қаратөбе ауданының Қоржын ауылы, Сырым ауданының Үленті және Жымпиты ауылдары, сондай-ақ Орал қаласының Деркөл, Зачаганск ауылдары мен Жұлдыз ықшамауданына барды.
Қоржын ауылында 90 бір қабатты үш бөлмелі жеке тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Мұнда электр қуаты мен жылыту жүйесін жүргізу жұмыстары толық аяқталды. 79 үйде ішкі әрлеу жұмыстары аяқталды. Объектіде 6 мердігер компания жұмыс істеуде. Мердігерлермен кездесуде Қанат Бозымбаев әрлеу бригадаларының санын арттырып, құрылысты сапалы аяқтауды тапсырды.
Сырым ауданының Үленті және Жымпиты ауылдарында 68 бір қабатты және 10 екі пәтерлі үш бөлмелі үйдің құрылысы жүргізілуде. Барлығы 45 үй тапсырылды, қалғандары пайдалануға дайын.
Орал қаласының маңында ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мұнда су тасқыны кезінде жалғыз баспанасынан айырылған бағбаншыларға да үй салынып жатыр. Жұлдыз ықшамауданында 17 құрылыс компаниясы 191 стандартты үй салып жатыр. Деркөл ықшамауданында 103 үй тапсырылуға дайын, оларда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Зачаганск ауылында 70 үйде ішкі әрлеу жұмыстары, ал 7 үйде шатыр жұмыстары жүргізілуде. Вице-премьер әкімдікке құрылыс қарқынын жеделдетуді тапсырды.
БҚО әкімі Нариман Төреғалиевтің айтуынша, үйлердің көпшілігі 1 қыркүйекке дейін пайдалануға беріледі. Ол сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 9994 отбасыға 100 АЕК көлемінде біржолғы төлем жасалғанын, жалпы сомасы 3,7 млрд теңге, сондай-ақ тағы 10 222 отбасыға келтірілген залал үшін өтемақы төленгенін айтты. Өтемақының жалпы көлемі 3,68 млрд теңгені құрады.