Алматы облысы Кеген ауданында бұршақ аралас жаңбыр жауып, салдарынан таудан су тасып жолдарды шайып кетті. Алматы-Кеген тас жолы су астында қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Облыстық төтенше жағдай департаменті түстен кейін басталған жаңбырдың сағат 17:00-де басылғанын мәлімдеді. Тасқын су Ақсай ауылына жақын жолды басып қалған.
Араға уақыт салып “ҚазАвтоЖол” республикалық маңызы бар жолдың да су астында қалғаны туралы мәлімет берді.
“Сейсенбі күні сағат 16:00 шамасында толассыз жауған жаңбырдың салдарынан Ұзынбұлақ ауылына жақын республикалық маңызы бар Көкпек-Кеген-Түп жолының жанындағы таудың баурайында су тасыды. Тасқын судың ұзындығы 100 метр, ал биіктігі 8-10 сантиметрге жетті”, – делінген хабарламада.
Жолдың бұл бөлігінде су өткізгіш құбырлар екі жерден жұмыс істеп тұр.
«ҚАЖСервис» ЖШС Алматы облыстық филиалының мамандары жасақталып, суды ағызып және уақытша жол белгілерін орнату жұмыстарын жүргізуде. Ол үшін 5 бірлік техника мен жеке құрамнан 8 адам жұмылдырылды.
“Сағат 19:30-ғы жағдай бойынша су тасқыны тоқтады. Жол қозғалысына шектеу қойылған жоқ. Кезекшілік орнатылды”, – деп мәлімдеді компанияның баспасөз қызметі.