«Суықта күш береді»: кәсіпкер К. Шүкенов Екібастұзда жылусыз қалған халыққа жылқы етін таратты

Арқаның кәсіпкерлері Екібастұз қаласындағы халыққа жылқы етін тегін таратып жүр. Сақылдаған сары аязда жылусыз қалған тұрғындарға ет асып беріп, сорпамен күш беруге көшкен,  деп  хабарлайды  Qazaq.today  ақпараттық агенттігі. Қалада құбыр жүйелері қатып, пәтерлер жаппай жылусыз қалғалы суықтан ауырған адамдардың саны да артқан. Әртүрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырумен айналысатын бір топ жігіт  осы жолы арнайы Екібастұздың тұрғындарына жылқы сойып, етін тасуға көшкен. Ұлытау облысынан сойылған жылқы еттерін қала тұрғындарына, одан басқа жарылған жылу құбырларын жамаумен айналысып жатқан жұмысшыларға да асып беріп жатыр.

«Жылқыларды арнайы сойып, Екібастұз қаласына тасыдық. Сол жақтағы адамдар халықты жинап, ұйымдастырды. Көшеде  қазан-қазан ет асылып, елге, жұмысшыларға, еріктілерге сорпа ішкізіп, ас бердік. Халық жақсы қабылдады. Өзге малдың етінен қарағанда жылқының сорпасы суықта адамға күш береді. Оның етін жеп, сорпасын ішкен адам ауырмайды. Суықта тоңбайды, күш береді адамға. Одан бөлек қуырдақ та беріліп жатыр. Бұл іске белгілі қоғам қайраткері, меценат Көңілбай Шүкенов бастамашыл болды. Біз оны қолдап, арқаның төсінен жылқы етін тасыдық. Ет көптеген адамдарға жетті», — деді «Асыл адам» Қайырымдылық Қорының президенті Мақсат Үрәтбек.

Екібастұз қаласының көшелерінде асылған қазандар көзге жиі ұшырайды. Қалаға өзге өңірлерден сегіз жүзден астам жұмысшы тартылған. Қайырымды жігіттер мен ерікті топ, түрлі ұйым өкілдері күннің суықтығына қарамастан жұмыс істеп жатқан бригадаларға тұрақты тамақ тасып жүр.

«Қаланың көптеген жерлеріне қазіргі уақытта жылу берілді. Жұмысшылар қатып қалған жылу құбырларын, кәріз жүйелерін  қалпына келтіріп, жұмысты толық аяқтап елдеріне қайтамыз деп отыр. Олардың шыдамдылығы, еңбекқорлығы тұрғындарды қуантып жатыр. Бірақ құбыр жүйелері әбден тозыпты. Дегенмен елдің осылай жан-жақтан жабылып, түрлі көмек көрсетуі, қолдарынан келген іспен пайдасын тигізуі еліміздің бірлікшіл екендігін көрсетеді», — деді қайырымдылық шарасын ұйымдастырушылардың бірі Нұргүл Бірімжанова.