Су жаңа Су ресурстары министрлігі тасқын туралы неге білмей қалды?

Фото: ТЖМ

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов ведомствоның жұмысына тоқталды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

«Шынында да, министрліктің жұмыс істегеніне 6 ай. Алдымызда негізгі үш міндет болды. Біріншісі – құқықтық базаны қалыптастыру. Жаңа Су кодексінің жобасы Мәжілістің жұмыс тобында қаралып жатқаны белгілі. Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Қазір осы концепцияны іске асыру үшін кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Осыдан кейін министрлік барлық гидротехникалық құрылыстардың инвентаризациясын жүргізді. Бұл жұмыстарды желтоқсан аяғына дейін аяқтадық», — деп жауап берді ведомство басшысы.

Бұдан бөлек әр жергілікті атқарушы органдармен ирригациялық жүйелерді жөндеу, су қоймаларын салу, су үнемдейтін технологияларды енгізу бойынша жекелеген жоспарлар бекітілген.

«Іс-шаралар жоспары бар. Үшінші міндет – трансшекаралық өзендер бойынша ынтымақтастық мәселелері», — деді Нұржан Нұржігітов.

Осыған дейін, Қазгидромет басшылығы желтоқсаннан бастап тасқын қаупі бар аймақтар туралы болжамды әкімдіктерге жібергенін айтты.