Су тасқыны: Қыс қарлы болады, біз қиын жағдайға дайындалып жатырмыз – ТЖМ

Фото: time.kz

Су тасқынына жобамен 40 мың адам тартылады деп жоспарланған.

Осы күні елімізде көктемгі су тасқынын болжау және алдын алу шараларына дайындық жұмыстары толық аяқталуға жақын, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы Магомет Ахриевтің айтуынша, биыл «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы жаңа форматта өтеді.

– Су тасқынына дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Тасқынмен күрес іс-шараларына қанша күш пен қаражат жұмсалатынын нақты білеміз. Шамамен 40 мың адам тартылады. Сондай-ақ, ақпан айының 5-6-сында «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуды өткізуді жоспарлап отырмыз. Биыл оқу-жаттығу жаңа форматта өтеді. Осылайша, ақпан айында оңтүстік және батыс аймақтарда, ал наурызда солтүстік және басқа да өңірлерде оқу-жаттығу өткіземіз, – деді ол баспасөз мәслихатында.

ТЖМ өкілі штабтың Атырау облысында болатынын жеткізген. Сондай-ақ, қыста қардың мол жауатынын, сондықтан қиын сәтке дайындалып жатқанын сөз еткен.

– Су тасқыны болжамына келсек, биыл қыс қарлы болады деген мәлімет бар. Біз қиын сәтке дайындалып жатырмыз, – деп сөзін түйіндеді ол.