Солтүстік Қазақстан облысында кемі елу жылқы көлге батып кетті. Айыртау ауданына қарасты Әлжан ауылында бір үйір жылқы мұзға қатып өлген. Жануарлар 27 қараша күні жоғалып кеткен. Арада бірнеше күн өткенде Барчи көлінен жылқылардың қатып қалған өлексесі табылған.
Алдын-ала болжам бойынша малдың суға батып кетуіне мұздың жұқалығы себеп болған. Құхырлы органдар малдың иелерін анықтауда. Шығын көлемі есептеледі.
«2 желтоқсан күні СҚО Айыртау ауданының полиция бөліміне Әлжан ауылындағы үйірде 50 жылқының жетіспейтіндігі туралы хабарлама келіп түсті. Іздеу шаралары барысында жоғалған жылқылар мұздың ішінде қатқан күйінде Барчи көлінен табылды. Жылқылар бақташы болмаған кезде көлдегі мұз үстімен жүрген болуы мүмкін. Кейін мұз жарылып, суға батып кеткен», — делінген СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі жолдаған хабарламада.
Қазіргі уақытта полицейлер болған оқиғаның барлық мән-жайын тексеруде, өлген жануарлардың нақты саны анықталып жатыр.