Солтүстік Қазақстан облысында көз жұмған бір отбасы балаларының неден уланғаны белгілі болды. Деректерге сүйенсек, олар нитрит тұздарына уланған, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі.
Аймақтық полиция департаментінің мәліметінше, тергеу барысында отбасының улану себебі анықталған. Сараптама нәтижесінде балалар нитритпен жедел уланудан көз жұмғаны көрсетілген.
«Істің барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеуге бағытталған сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Өзге де мәліметтер жария етілмейді», – делінген хабарламада.
Нитрит – азот қышқылының тұздары. Олар әдетте ет өнімдерін маринадтап, ыстау және консервант жасау кезінде қолданылады.