«Сотталғандарды базадан өшірген»: Тараздық прокурордың үндеуінен кейін департамент басшысы қызметтен қуылды

Бүркітбаевтың отставкаға кетуі департаменттің экс-қызметкері Әлия Қожабекованың әлеуметтік желіде президент Тоқаевқа жолдаған даулы үндеуімен тұспа-тұс келді.

Қожабекова өзі қызмет еткен мекемедегі бірқатар сорақы жайтты қоғамға жайып салған еді. Оның айтуынша, әріптестері жылдар бойы сотталған азаматтар туралы деректерді қылмыстық базадан өшіріп отырған, заңның үстемдігін қорғауы прокурорлар керісінше заңсыздыққа барған.

«Тексеру нәтижесінде еш жазығым жоқ маған жала жабылып, бөлім басшылығынан босатты. Қызметімде қудалауға ұшырап, бала-шағаммен басқа ауданға ауысуға мәжбүр болдым.

Сотталған азаматтардың мәліметін өшіру 2013 жылдан басталған. 11 жылдан соң департаментке қайта оралғанда, заңсыздықтың әлі де жалғасып жатқанына куә боп, басшылыққа рапорт жаздым. Әлгі әрекетім үшін маған қысым көрсетіліп, ақыр соңы жұмыстан қуып жіберді», – деген еді экс-прокурор.

Сондай-ақ ол осыған дейін Бас прокуратура тарапынан жүргізілген тексеру формалды түрде ғана жүргізіліп, еш нәтиже бермегенін ашық айтқан.

4 маусым күні кезекті рет бейнеүндеу жолдаған экс-прокурор ақыры мақсатына жеткен.

Өңірдегі Құқықтық статистика және арнайы есепке алу департаментінің басшысы Секер Бүркітбаев жұмыстан қуылды. Бүркітбаев мекемені 2022 жылдың қазан айынан бастап басқарған. Әзірге  отставканың нақты себебі туралы толық ақпарат берілген жоқ.

Департаментті осымен үшінші мәрте тексеріп жатқан Бас прокуратура ресми мәлімет таратпады.