Фото: видео скриншот
Шерзат Болаттың ісіне қатысты қаралып жатқан қылмыстық іс бойынша өтіп жатқан сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай марқұмға жасалған сот-медициналық сараптама нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпараттық агенттігі.
Сараптама жұмыстары Талғар аудандық ауруханасының мәйітханасында жүргізілген. Прокурордың мәліметінше, тексеріс барысында Шерзаттың денесінде бірнеше жарақат іздері анықталған.
«Марқұмның бойы 170–175 см шамасында, дене бітімі арық. Көздері жартылай жабық күйде. Оң жақ бет аймағында қызыл-қоңыр қан іздері мен көгерген іздер байқалған. Үстіңгі ерінінде де қан дақтары анықталған. Сонымен қатар сол қолының шынашағында жара болған, ал оң білегінде ұзындығы 2 см жарақат бар», – деді прокурор.
Сотта мәлімделгендей, негізгі жарақат — марқұмның сол жақ қабырға тұсына салынған.
«Қабырға тұсынан ұзындығы 2,5 см болатын, өткір затпен жасалған кесілген және сұғылған жара байқалған. Бұдан өзге ауыр дене жарақаттары тіркелмеді», – деп айтты Дана Сәрсенбай сотта.
Бұл деректер тергеу барысында маңызды дәлел ретінде қаралып жатыр.