«Соғыстың керегі жоқ»: Қазақ ақсақалы жер-жаһанды жаяу араламақ

Саяхатшы, шебер-реставратор Сәрсенбай Қотырашов дүниежүзін жаяу аралап шықпақ, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі. 72 жастағы ақсақал  сапар барысында  Грузия, Әзербайжан, Түркия, Болгария елдерін аралайды. Одан әрі батыс еуропаның елдерін қыс түскенше жүріп өтуді жоспарласа, көктемге дейін америка құрлығын араламақ. Жазға салым Тынық мұхиты арқылы Шығыс Қытайдың жерлерін жаяу шарлайды. Кейін Монғолияның батыс өлкесі арқылы Өскеменге келмек.  Сәрсенбай Оспанұлы бұған дейін Қазақстанның барлық облыстарын жаяу аралап шыққан. Жаңаарқаның тумасы Ұлытау  қорық мұражайында ұзақ жыл жұмыс істеп,  археологиялық қазба жұмыстарына белсене араласты. Қарт саяхатшы елдегі 17 қаланы басып өту үшін 8 мың шақырым жол жүрген.

«Менің жүріп өтетін жолдарым жер шарын тұйықтап шығады. Бұл жолдардың барлығын 12 айдан аса уақытта жүріп өтем деп отырмын. Сапарға жалғыз шықпаймын. Қасымда бір фотограф-оператор және аудармашы болады. Олар кезектесіп көлікпен жүреді. Мен үнемі жаяу жүріп отырам. Тек мұхит асқанда ғана ұшаққа отырамыз. Ондағы мақсатымыз, дүниежүзіндегі халықты  достыққа бейбітшілікке шақыру. Біз нәсілге, ұлтқа бөлінбей, бейбітшілікте татулықпен, сыйластықпен өмір сүруіміз керек. Бізге соғыстың керегі жоқ. Біздің тарихымыздың тереңде екенін, Қазақстан деген елдің қолөнері қандай екенін де үнемі наисхаттап, көрсетеміз. Себебі, біздің мәдениетіміз қола дәуірінен бастап дамыған», -деді Сәрсенбай Қотырашов.

Ол өзінің қауіпке толы сапарға шығатынын бүгін қолөнершілердің форумында мәлімдеді. Алматыдағы мемлекеттік орталық музейінде Еуропадан, Орталық Азия елдерінен  және Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 150-ден астам қолөнер шеберлерінің форумы өтіп жатыр. Форумға мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев, Туристік сала комитетінің Төрағасы Юлия Якупбаева, Қазақстанның Алматыдағы АҚШ Бас консулы Кэролайн Сэвидж бастаған көптеген лауазымды тұлғалар қатысып жатыр.Үш күнге жалғасатын шараның мақсаты, елдегі қолөнер бизнесін дамыту, оның халықаралық дәрежеде насихаттаудың, дамытудың мүмкіндіктерін қарастыру.

«Форумның басты мақсаты қолөнер саласындағы түрлі ұйымдардың басын қосу, бір-бірімен таныстыру. Шеберлердің рөлін айқындап, мемлекет тарапынан көмек жасауды қарастыру. Форумға алыс шетелдерден де қонақтар арнайы шақырылған. Олардан қолөнер туындысын әлемге насихаттаудың, дамытудың жолдарын үйрену. Сонымен қатар алдағы екі күн Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде және Visit Almaty туристік хабында халықаралық қолөнершілер форумы аясында отандық қолөнершілердің жәрмеңкесі өтеді. Жәрмеңкеде керамика, киіз, тоқыма, зергерлік өнер, жібек шаруашылығы және басқа да қолөнер түрлерінен қазақстандық 150-ден астам қолөнершінің өнімі ұсынылады. Шеберлік сыныптары, семинарлар, Korpe Fest өтеді. Себебі, қолөнер  ұлттық мәдени ерекшелігіміздің ажырамас бөлігі және туризм индустриясының өзегі. Өйткені, елге келетін туристер табиғаттан ләззат алып, көрікті жерлерді, ғимараттар мен монументтерді тамашалап қана қоймай, материалдық-мәдени мұрамен, дәстүрлермен танысатыны сөзсіз», -деді «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының атқарушы директоры Даниел Сержанұлы.

10