Қазақтар көбіне демалысқа барса немесе шетелге шықса үйіп тізім жасап, таңертең ерте шыққаннан түнде келіп талып ұйықтайды. Осылайша бір апта бойы тынымсыз тоқтау болмайды. Сондағысы «күнде келіп жатқан жоқпыз, Эйфель мұнарасының алдына суретке түспей кетуге бола ма?» деген жауап. Кейінгі кездері осындай қапылысқа қарсы концепция пайда болды. Ол slow travel деп аталады. Мұның нендей ерекшелігі бар? Пайдасы қандай екенін kursiv порталы зерттеп көрді, деп хабарлайды Qazaq.today.
Демалыс қапылысқа айналмасын
«Үш күнде бес қаланы көру керек» деп маршрут құрап алып, must see жерлерді аралауды мақсат тұтатын қапылыс баршаңызға таныс шығар. Енді сол баяу, асықпай демалғанның пайдасы жайлы айтайық. Әйтпесе, саяхатта маңыздысы — «көп жер көру» емес, «жақсы сезімдер сезіну». Тән де, жан да демалуы үшін жағдай жасалуы керек.
Slow travel философиясына салсақ, адам шынында тынығуы үшін оған қапылысты тастау қажет. Яғни әр секундты жоспарлап қоятын кестені, күнде жаңа локацияға барам деген ойды, FOMO-дан қорқып бәріне үлгеруге деген талпынысты қою керек. Барлығын демде істеуге тырысып тұратын заманда slow travel бейнебір үнсіз қарсылық сияқты көрінуі мүмкін. Десе де, ғажабын сезінген адам ұтылмайды. Турист емес, жергілікті тұрғын секілді жүріп көріңіз. Қаланың вайбын ұстап алып, сезініңіз.
Асықпай саяхаттағанның пайдасы туралы ғылым не дейді?
Ешқайда асықпайтын маршрут құрайтындар романтиктер ғана емес, бұл жерде одан да терең мәселе жатыр. Бұл — өз психикасының, тәнінің саулығын ойлаған адамға арналған концепция. Осы бағытта жасалған зерттеулерді шолсақ, адам шаршауын басып, қалыпқа келуі үшін мекен ауыстыру көмектеспейді екен. Бастысы, әлденені күтіп жүрмей, дәл сол сәтте өмір сүргенде ғана тыныға бастайды дейді.
- Суррей университетінің (2022) деректеріне сүйенсек, slow travel бағытын таңдаған адамдар бәрін көргісі келетін туристерге қарағанда сапардан 3 апта уақыт өтсе де әлі де өздерін іштей жайлы сезінеді екен.
- Харвардтағы медицина мектебі жасаған зерттеуде асықпай демалған кезде төрт күннен кейін кортизол деңгейі 25 пайызға азаяды екен. Әрі когнитив қабілет арта бастайды.
Негізі миға қаптаған әсердің керегі шамалы. Оған тыныштық пайдалырақ. Бір күнде бір жерге барса, асықпаса жақсы. Қазір «жұмада Дубайға ұшам, дүйсенбі қайтып келем» деу жоғары статус саналатыны шындық. Десе де, одан да жоғары статус: жан баласына керек болмай, ешкіммен хабарласпай тынығу. Сторис салмайсыз, ешқандай кесте жоқ, біреуге есеп те бермейсіз. Диснейлендтің ұзын-сонар кезегінде тұрмай, Еуропаның бір ауылында жергілікті тұрғындардың үйінде тұрып, солардың өмір салтымен танысу. Болмаса, тау жаққа кетіп қалып, шатыр тігіп желі ұстамай жерде демалыңыз.
Мұндай маршрут кімдерге ұнайды?
- Z ұрпақ пен миллениалдар дижитал туризмнен шаршай бастады. Сондықтан олар картада көп жер көрдім дегеннен гөрі эмоциялық күйін көбірек ойлайды.
- Баласы бар адамдар да slow travel бағытты жақсы көреді. Баламен сапарлау оңай емес. Стресс мейлінше аз болуы үшін осы концепция әдемі үйлеседі.
- Қашықтан істейтіндер жұмыс пен демалысты біріктіргенді құп көреді. Шағын бір қалашықтан бір айға үй жалап алады да, күндіз жұмыс істейді. Кешке қарай таза ауада тынығып, серуендейді.
- Қажып кеткен адамдарға да «слоу тревел» үйлеседі. Психикасы шаршағандарға классикалық туризм еш көмектеспейді. Қайта мазасыздықты күшейтіп, одан бетер шаршатады.
Өмірге деген жаңаша көзқарас
Slow travel бағытын таңдаған соң біз нағыз демалыстың не екенін түсіне бастаймыз. Бұрын демалысты бүкіл проблемадан қашу үшін ұйымдастыратын едік. Ал қазір ол өзімізге тереңірек үңіліп, жан мен тәнді емдеуге бағытталған.
Саяхаттағанда осы стильді ұстансаңыз:
- Өнімді болу керек деген синдромнан құтыласыз;
- Қапылысты қойып, қарапайым дүниелерге көз сала бастайсыз. Қара судың дәмін сезінесіз, жапырақтың жасыл түсінен көзіңіз демалады. Бұрын байқамаған дүниелерге мән бересіз;
- Тұтынушы емес, кәдімгідей толыққанды адам екеніңізді, өмір сүріп жатқаныңызды шын сезінесіз;