Әскерде жарақат алған Ербаян Мұхтар аяққа тұрды, деп хабарлайды Qazaq.today.
Сарбаздың жекке массажисті Ұлпан Советбекқызы әлеуметтік желіде жазды.
«Бүгін Ербаян Ыстанбұлдан оралғаннан кейінгі сауықтыру жұмыстарының басталғанына тура 4,5 ай толды. Баяу болса да, тұрақты түрде алға ілгерілеуді байқап отырмын. Қазір ол арқасын тік ұстай алады, аяғында тұрады, мойнын бақылай алады, сол қол-аяғында айтарлықтар реакция бар, салмақ қосты, ауыз-қуысымен толықтай жұмыс жасай аламыз— ал бұл бастың ауыр операциясынан кейін небәрі 7,5 ай өткенде қол жеткен өте жақсы нәтиже», — деп жазды Ұлпан Советбекқызы.
Оның айтуынша, процесс баяу, бірақ тұрақты жүріп жатыр.
«Бұл осындай ауыр операциядан кейін ерекше маңызды. Алда Ербаянды емделудің екінші кезеңі – Стамбулға қайта сапар күтіп тұр. Мен алғашқы күннен бері сенемін: толық қалпына келуге аз ғана қалды. Сіздерден сұрарымыз, Ербаян үшін дұға етіңіздер. Ол бәрін сезіп, бәрін түсініп отыр. Сіздердің қолдауларыңыз біз үшін өте маңызды. Рақмет сіздерге!», — деп жазды Ұлпан Советбекқызы.