Өскеменде ХҚКО басшысы жүйелі түрде пара алып отырған

Шығыс Қазақстан облысында ХҚКО бөлімінің басшысы тұрақты түрде пара алып отырған. Ол 2 қызметкері арқылы жүргізуші куәлігін алу емтиханында азаматтарға көмектесіп, олардан заңсыз ақша алған, деп хабарлайды Qazaq.today. 

Сот мәліметіне сәйкес, Өскемендегі мамандандырылған ХҚКО бөлімінің басшысы мен оның екі қызметкері ақпан, қазан айлары аралығында азаматтардан жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыруға көмектескеніне 35 миллион теңгеге жуық заңсыз сыйақы алған.

Соттың шешімі бойынша, ХҚКО бөлімінің басшысына 500 АЕК (1 725 000 теңге) көлемінде айыппұл салынып, мемлекеттік және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан 1 жылға айырылды.

Қызметкерлердің бірі осындай айыппұл арқалап, 1 жылға басшылық қызметтен шеттетілді. Ал екінші қызметкердің бас бостандығы 3 жылға шектеліп, қылмыстық жолмен табылған ақшаға сатып алынған мүлкі тәркіленді.

Соттың үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

37