Сирия Араб елдері лигасына қайта қосылды

Сирия Араб елдері лигасына қайта оралады. 11 жыл бұрын Сирияның мүшелігі тоқтатылған болатын. Дамаск жаңа конституция бойынша оппозициямен келіссөзді қайта бастайды деп күтіліп отыр. Бұл туралы DW жазды, деп хабарлайды Qazaq.today.

Каирде өткен Араб елдері лигасы Сыртқы істер министрлігінің кеңесіндеСирияны ұйымға қайта қосу туралы шешім қабылданды. Осылайша, президент Башар Асадтың сириялық үкіметін оқшауландыру мақсатындағы 2011 жылғы шешімнің күші жойылды.

DW  агенттігі мәлім еткендей, енді Сирия билігінен жаңа конституция бойынша оппозициямен келіссөз байстайтыны күтіліп отыр. Бұл сайлау өткізуге негіз болады. Онымен қоса, ел үкіметі босқындардың қайта оралуына рұқсат етіп, гуманитарлық көмекті қамтамасыз етуі қажет. Сондай-ақ көрші елдерге есірткі контрабандасына тосқауыл қоюы тиіс.

Агенттіктің жазуынша, араб елдері Сирияны қалпына келтіру үшін қаржылық қолдау көрсетуге ниетті. Сонымен қатар, одақтас мемлекеттер басшыларын бұл елден әскерін шығаруға көндіруге тырыспақ.

Араб елдері лигасына кіретін 22 мемлекеттің келесі саммиті 19 мамырда Сауд Арабиясында өтеді деп жоспарланған.

 

Qazaq.today