Си Цзиньпин Тоқаевтың басшылығымен қазақ халқы жаңа Қазақстан құратынына сенім білдірді

Шілденің 3 күні Астанада Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинді «Ақорда» резиденциясында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің елімізге мемлекеттік сапарын Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға деген ұмтылыстың айқын көрінісі деп бағалайтынын айтты.

Өз кезегінде ҚХР Төрағасы Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқанына тағы да куә болғанын атап өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен қазақ халқы анағұрлым қуатты әрі өркендеген жаңа Қазақстан құратынына сенім білдірді.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин шілденің 4 күні Астанада өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымын саммитіне қатысады.

Астана саммитінің басты тақырыптары — әлемдік қауіпсіздік, әділ экономикалық орта құру және экология мәселелері. Биыл Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына төраға екені белгілі. Сондықтан қазақ елі үшін бұл іс-шараның артар жүгі жеңіл емес. Ұйымға мүше мемлекеттердің Президенттері басқосуда саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық бағыттағы ортақ проблемаларды ортаға салып жатыр.  Айта кетелік, ШЫҰ аясында Қазақстанда 2024 жыл Экология жылы деп жарияланды. Осыған орай ағымдағы жылы 100 ден астам іс-шаралар атқыралды. Отандық сарапшылар ШЫҰ ізгі қарым-қатынас, тұрақты даму және қауіпсіздікті негізге ала отырып дамиды деген пікірлерді білдіріп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, «төрағалығымыздың шарықтау шегі Астанадағы саммит, оған біз ерекше назар аударамыз. Біз Шанхай ынтымақтастық ұйымын одан әрі жетілдіру саласында стратегиялық маңызды шешімдер қабылданады деп күтеміз. Орта мерзімді келешекке арналған өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары айқындалып, ағымдағы сын-қатерлер мен қауіптерге қатысты маңызды бастамалар әзірленетін болады», — деп мәлімдеген еді. Осылайша ширек ғасырдан сәл асатын уақыттан соң Шанхай кеңістігінің жиыны Қазақстанға қайта оралды. Мемлекет басшысы бірқатар елдердің басшыларын қарсы алып, маңызды кездесулер өткізді.

Қазақстандық сарапшылар Қазақстан Шанхай Ынтымақтастық ұйымының саммитін өз астанасында өткізу арқылы Еуразияда энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге негіз болады, соның арқасында логистикалық жобалар саны ұлғаяды деп есептейді. ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашев,  Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара әрекеттестік пен ынтымастық беретін мүмкіндіктер туралы өз ойын білдірді. Саясаттанушының айтуынша ШЫҰ келелі бір бағыты – мәдени-гуманитарлық байланыстар. Аталмыш ұйым мүше елдер мен халықтар арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың нығаюына септігін тигізеді.

«Қазақстан мен Қытай арасындағы байланысты, әрине, адамдар арасындағы байланысты ұлғайта беру керек. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды ұлғайтқан сайын біздің елдер арасындағы азаматтардың бір-біріне деген қызығушылығы, бір-бірін танып-білуі, бизнес жасау мүмкіндіктері ұлғая береді деген ойдамыз. Сондықтан қазіргі күнде ғылыми және сарапшылар  арасындағы байланыстар виза алуға байланысты ұлғайып келе жатыр және оның мүмкіндіктері үлкен. Яғни бүгінгі күні қазақ-қытай қатынасының әлеуеті зор» — деді Айдар Құрмашев.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының аға сарапшысы Бауыржан Әукеннің пікірінше, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті Қазақстанға көп артықшылық береді. Оның пайымдауынша, ШЫҰ мүше болу арқылы еліміз халықаралық саясатта көптеген тиімді жобаларға қол жеткізеді. Қауіпсіздік, тұрақты даму, аймақтық және халықаралық мәселелер бойынша әлемдік саясатта қазір Қазақстан орнын өз орнын бекітіп жатыр. Сонымен қатар экономикалық жағынан да Қазақстанның ұйым мүшелерімен екіжақты байланыстары нығайып келеді.

«Көрші елдермен қарым-қатынасты нығайтуда Шанхай ынтымақтастық ұйымының берері мол. Ең маңыздысы, қауіпсіздік саласында да ұтымды тұстары баршылық. Экономикалық тұрғыдан алсақ, сауда-саттықтың үлесі артып, инвестиция тартуға септігін тигізеді. Жалпы ШЫҰ-ға мүшелік ету Қазақстанға қарым-қатынастың, ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін береді. Астана саммитінде бірқатар маңызды шешімдер қабылданады деп күтілуде. Бұл саммит арқылы жаңа тарихи дәуірге қадам басайын деп тұрмыз. Басқосуда ұйымның құрылымына қатысты өзгерістер орына алады. Жиынға он мыңға жуық делегат келгелі отыр. Ұйымның ден қояр тұсы —  тұрақты даму. Яғни бұл әлем елдерінің, Еуразия елдерінің диалогқа, ынтымақтастыққа ұмтылысының бірден бір көрсеткіші», — деп мәлімдеді сарапшы.

Сарапшының пайымдауынша, Астанадағы саммит әлем елдері және Еуразиядағы мемлекеттер үшін ауқымды диалог алаңына айналып отыр. Жиналған елдер басшылары мен халықаралық ұйымдардың төрағалары өзара диалог құру арқылы ынтымақтастыққа, татулыққа, тиімді байланыс құруға тырысады, нәтижесінде бір келісімге келіп, тараптарға тиімді келіссөздер жүреді. Бұл жақсы үрдіс болып табылады.

«Астана саммиті арқылы талай жобалар жүзеге асырылады. Мұның жағымды жақтары жеткілікті. Себебі диалог болған жерде көптеген мәселе талқыланады, соның арқасында ортақ шешімдер қабылданады» — деп ой түйіндеді Айдар Құрмашев.

Айта кетелік,  әлем елдері ішінде көп жағдайларда Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын азиялық ұйым ретінде қабылдайды. Саясаттанушылардың пікірінше бұл жаңсақ пікір. Себебі, ұйымға Еуропа мемлекеттері біртіндеп қосылып жатыр. Биыл Беларусь қатарға енді. Сондықтан еуразиялық ұйым деп айтуға толық негіз бар. Болашақта ұйым өз мақсат-міндеттерін  мемлекеттер мен азаматтардың мүдделеріне лайықты етіп атқарса, өз тиімділігін көрсете алса мүше мемлекеттердің қатары да өсуі мүмкін.

Беларуссияның ШЫҰ-ға қосылуы туралы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Әлия Мұсабекова өз пікірін білдірді.

«Саммиттің басты мазмұндық лейтмотиві Қазақстанның ШЫҰ шеңберінде ұсынған «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастамасы болмақ. Ол өзара сенімді нығайтуға, әлемнің барлық елдерінің тұрақты дамуын қолдауға бағытталған. Бұл бастама ұйымға мүше мемлекеттердің жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті дамыту жөніндегі шынайы ниеттері мен шешімін көрсетеді. БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриштің биыл ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне қатысуы да белгілі бір салмақты береді. Астанадағы саммит әлемдік маңызы бар елеулі оқиға болып тұр. ШЫҰ алаңында миллиондаған адамдардың тағдырына қатысты жаһандық сипаттағы мәселелер көтерілетін болады», — деді сарапшы.

Беларусь бұған дейін ШЫҰ-мен серіктестік қарым-қатынаста болған және ел Президенті Александр Лукашенко ұйымның алдыңғы жеті саммитіне де қатысқан.

Астана саммитіне БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш те атсалысып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана саммитіне қатысу жөніндегі шақыруын қабыл алғаны үшін БҰҰ Бас хатшысына алғыс айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Антониу Гутерриштің сапары Қазақстан мен БҰҰ арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға зор мүмкіндік беретінін айтты. БҰҰ Бас хатшысы Астананың Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығына жоғары баға берді. Өз сөзінде Антониу Гутерриш мырза Қазақстанда іске асырылып жатқан саяси және экономикалық реформаларды қолдайтынын, еліміздің жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Терроризм, сепаратизм және экстремизм тақырыбы да саммиттің  өзегіне айналмақ.   Терроризм мен экстремизиге қатысты әзірленген бағдарлама қабылданады деп күтілуде.  Бұдан басқа, ШЫҰ-ның есірткіге қарсы стратегиясын талқылау жоспарда тұр.

Биыл Шанхай ынтымақтастық ұйымына Қазақстан жетекшілік етті. Жыл бойы еліміз түрлі бастамалар көтерді. Соның бірі, әрі бірегейі — 2024 жыл Экология жылы болып жарияланды. 100-ден аса түрлі іс-шаралар өтті. Астана саммитінде қаралған құжаттар да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың табанды еңбегінің нәтижесі. Ал келесі жылы төрағалық Қытай еліне өтеді. Осылайша ШЫҰ айналасындағы маңызды іс-шаралар легі аспан асты елінде жалғаспақ.

 

48