Шымкенттік алаяқ 6 сынып оқушысын алдап, 2 млн теңге алған

Ол «Free Fire» мобильді ойынының жетілдірілген аккаунтын сатамын деп өзгенің 2 миллион теңгеден астам қаражатын иемденген, деп жазады Qazaq Today ақпарат порталы.

6-сынып оқушысы ұсынысқа қызығып, күдіктінің нұсқауы бойынша анасының банк картасын суретке түсіріп, карта деректері мен аударым жасауға арналған кодты жолдаған.

Шотында ақшаның жоғалғанын байқаған анасы полицияға жүгінді. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды.

Полиция ата-аналарға балаларына интернеттегі қауіпсіздік ережелері туралы жиі ескертіп отыруға кеңес береді. Бөгде адамдарға банк деректерін ешқашан хабарламау керектігін әрдайым еске салып жүрген абзал.