Шымкенттегі балалар ауруханасында алғаш рет мидың қатерлі ісігіне күрделі ота жасалды

Клиникалық балалар ауруханасында алғаш рет қатерлі ісікке күрделі ота жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Білікті мамандар командасы 16 жасар қыздың бас сүйегіндегі ісікті алып тастау үшін жеті сағат бойы ашық түрде ота жасаған. Күрделі отаға жоғары санаттағы нейрохирург дәрігерлер Самат Көкшибаев пен Таңсық Абдуллаев қатысты.

Дәрігерлер навигациялық жүйе мен ауруханаға жаңадан орнатылған микрохиургиялық аппараттың көмегімен науқастың сол жақ бас сүйегіндегі ісікті алды. Қазір жасөспірімнің жағдайы қалыпты.

«Науқас онколог және нейрохирург дәрігерлерінің қарауында болды. Пациентке 17 ақпан күні ота жасадық. Мұндай ота қалалық клиникалық балалар ауруханасында алғаш рет өткізілді. Ауруханаға жергілікті бюджет есебінен жаңа микрохиургиялық аппараты алынған. Ота кезінде осы қондырғыны қолдандық. Енді осы аппараттың көмегімен күрделі оталарды жасап, науқас балалардың өмірін аман алып қалуға барымызды саламыз», — дейді нейрохиург Самат Көкшибаев.

16 жастағы пациент енді аурухананың онкохирург маманы Жеңіс Сарсеновтың бақылауында емін жалғастыратын болады.

 

25