Оtyrar.kz сот талқылауы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта өтіп жатқанын жазды.
Айта кетейік, Мақсұт Исахов М. Сарбасовқа аса ірі көлемде пара бермек болды деген күдікке ілінген еді.
«Бізге «Старт Строй» өкілі келіп өзінің арызын жеткізді. Бұған дейін оның ісін Антикор бірнеше рет қабылдамаған екен. Сондықтан бізге келіп жүгінген. Кәсіпкердің арызын қабылдап алып, тиісті аппаратқа жібергенбіз. Ал Исаховпен жұмыс барысында бірнеше рет кездескенбіз. Ал соңғы кезде арадағы адамдар арқылы кездескенбіз», – деді М. Сарбасов.
Көп сұрақтарға Сарбасов «есімде жоқ» деп жауап берді.
«Басында қағазға жазып, 100 мың ұсынды. Кейін 200 мыңға көбейді. Бірақ мен жемқорлыққа қарсы күресіп жүрген адаммын. Кейін рапорт бердік», — деді М. Сарбасов.
Былтыр шілде айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шымкент әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсұт Исаховты қамауға алды. Шенеунік бұған дейін болған сот отырысында жылап жіберген еді.
«Жалғыз адамдық камерада отырғанда ешкімді көрмейсің, ештеңе білмейсің. Таразының бір басында 10-15 жыл, бір жағында алты балам, бесеуі кәмелетке толмаған, 75 жастағы кәрі анам бар. Таңдау жасау өте қиын, ешкімнің басына мұндай сынақ бермесін. Айып етпеңіздер», – деді айыпталушы Мақсұт Исахов.