Фото: Pixabay
Шымкентте аудан әкімінің бұрынғы орынбасары сотталды. Сондай-ақ, Еңбекші аудандық әкімдігінің бас маманы мен мердігер ұйымының өкілі де жаза арқалады, — деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Олар мегаполисті абаттандыру жөніндегі мемлекеттік сатып алу келісімшартын орындау кезінде кәсіпкерден қамқорлық үшін 60 миллион теңге мөлшерінде пара алды деп айыпталды.
«Аудан әкімінің орынбасары және әкімдіктің бас маманы ҚК-нің 189-бабының 3-бөлігінің 1),2),3) тармақтарымен және 24-бабы 3-бөлігі, 366-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танып, аудан әкімінің орынбасарына 11 жыл, бас маманға 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын, ал мердігер ұйымының өкіліне ҚК-нің 189-бабының 3-бөлігінің 1),2),3) тармақтарымен кінәлі деп танып, оған осы баппен 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», – деп мәлімдеді Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі өкілі.
Аудан әкімінің орынбасары 11 жылға, әкімдіктің бас маманы 10, ал мердігер мекеменің өкілі 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
«1 сәуірде Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Еңбекші ауданы әкімінің орынбасарына, осы әкімдіктің бас маманына, мердігер ұйымның өкіліне қатысты үкім шығарды. Үкім сотталғандардың қатысуымен жарияланды. Аталған адамдарға тиісінше 11, 10 және 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», — деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменінің басқарма басшысының орынбасары Жандос Бекасанов.
Сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.