Шымкентте алименттен жалтарғандарға 11 қылмыстық іс қозғалды

Шымкентте алимент бойынша борышкерлерге қатысты 11 қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлады Qazaq.today тілшісі.

Қала прокуроры алимент төлеуден жалтарған борышкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін көтеріп, биылғы қарашаны «Алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлерге қарсы күрес айы» деп белгіледі.

Осыған байланысты алимент төлеу міндетін орындаудан жалтарып жүрген борышкерлерді ҚР ҚК-нің 139-бабы талаптарына сәйкес, қылмыстық жауапкершілікке тарту бағытындағы жұмыстар жандандырылды.

«Биылғы қарашада прокуратура қызметкерлерінің жүргізілген талдау жұмыстары нәтижесінде алимент төлеу міндетін орындамай жүрген 11 борышкерге қатысты қылмыстық іс тіркелді. Тергеп-тексеру амалдарын жүргізу нәтижесінде бүгінде оның ішіндегі алимент берешектері 2 млн және 381 мың теңге болған борышкерлерге қатысты қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жолданды. Ал қалған 9 қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр», – делінген прокуратура хабарламасында.

Аталған істер қала прокуратурасының бақылауына алынып, осы бағытта жұмыстар жалғасады.

 

7