Шымкентте тәуелсіз журналист Мөлдір Нұрман өзіне қысым көрсетіліп жатқанын айтып, Мемлекет басшысына үндеу жолдады. Бұған дейін қаланың ауыз су мәселесін ашық жазып, зерттеу жүргізген журналистке қарсы жабылып қалған қылмыстық іс қайта қозғалған, деп хабарлайды Qazaq.today сайты Ertenmedia.kz сілтеме жасап.
Журналистің айтуынша, қысым оның «Су ресурстары – Маркетинг» компаниясы туралы жариялаған материалынан басталған. Кәсіпорын 30 жыл бойы Шымкентті ауыз сумен қамтамасыз етіп келген. Алайда, қала әкімдігі ауысқан соң, компания коммуналдық меншікке берілген. Мөлдір Нұрман осы процестің ашықтығына күмән келтіріп, арнайы журналистік зерттеу жүргізген болатын.
Бұған дейін дәл осы материал бойынша қылмыстық іс қозғалып, кейін ол жабылған еді. Бірақ жақында полиция өкілі қайта келіп, филологиялық сараптама қорытындысына сүйеніп, істің қайта қозғалғанын хабарлаған.
«Мен тек осы мәселені көтердім. Мен бүкіл елдегі су саласының сарапшысы емеспін, журналистпін. Бірақ осы саланың мамандары үндемеген соң, біз айтуға мәжбүр болдық. Бұған дейін қозғалған іс жабылған еді. Енді полицей келіп, „филологиялық сараптамадан бірнәрсе тауып алдық, кешірім сұрауға тиіссің“ дейді», – деді журналист өз үндеуінде.
Мөлдір Нұрман өзінің әлеуметтік желідегі белсенділігі үшін де билік тарапынан ескерту алғанын айтады. Оның айтуынша, ТikTok желісінде қандай да бір сыни пікір айтқан бойда «саған тыныш жүр дедік қой» деген ескертулер жасалады екен.
«Неге халықтың ақшасына жұмыс істеп отырған мемлекеттік мекемелерді сынауға болмайды? 40 миллиард теңге бөлінген жолдардың сапасын неге ешкім тексермейді? Күнде бір оқиға. Алты жасар бала шұңқырға түсіп, қайтыс болды. Тассайда жаңадан салынған жолдар ойылып жатыр. Кеше ғана көпбалалы аналар мен жесірлер әкімдікке кіре алмай, далада қалды. Әкім олардың алдына шығуға жарамады», – деді журналист.
Сондай-ақ, Мөлдір қалада жиілеп кеткен жол апаттары мен сапасыз жолдар үшін де әкімдік тікелей жауапты екенін атап өтті. Ол билікті сынаған азаматтардың «қара тізімге» енгізілетінін ашық айтып отыр.
«Біз – халық пен билік арасындағы алтын көпірміз. Елде қоғамдық бақылау туралы заң бар. Біз мемлекеттік мекемелердің жұмысын бақылап, атқарушы билікке сұрақ қоюға толық құқылымыз», – деді Мөлдір Нұрман.
Мөлдір Нұрман бұған дейін «Шымкент», «Тараз» және «Қазақстан» телеарналарында жұмыс істеген. Қазір оған қатысты қозғалған қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы («Көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша жүргізіліп жатыр.