Шымкент әкімдігі футзалға 772 млн, футболға 4,9 млрд теңге жұмсаған

Фото: Pixabay
Шымкент қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы 2023 жылы спорт саласында бөлінген қаржылар туралы құжатты жариялады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат агенттігі El.kz — ке сілтеме жасап. 

Құжат бойынша, футболдан Қазақстан чемпионы «Ордабасы» клубы былтырғы маусымда 4,9 млрд теңге жұмсаған.

«Балалар футбол орталығына – 1,2 млрд теңге, футболдан Премьер-Лига ойындарына қатысу қызметіне – 1,2 млрд теңге, футболдан Лига конференция ойындарына қатысу қызметіне – 1,4 млрд теңге, футболдан спортшылардың жалақысы – 1,4 млрд теңге», — деп жазылған аталған құжатта.

Бұдан бөлек, жергілікті әкімдік «Ордабасының» қарызын жабу үшін бюджеттен тағы да 2 млрд 227 миллион 500 мың теңге бөлген.

Сондай-ақ футзалдан спорттық жарыстарға қатысу қызметіне — 772 млн теңге. Теннистен спорттық жарыстарға қатысу қызметіне — 72,4 млн теңге. Су спорты қызметтеріне – 261,5 млн теңге. Спорт ғимараттарын жалға алу – 568,4 млн теңге.

«Өзге де қызметтер мен жұмыстарға ақы төлеу («Оңтүстік» футбол Академиясы, «Шымкент» ойын түрлерінен спорт клубы, спортшылардың жалақысы, жататын орны, шаруашылық тауарлар, ағымдағы жөндеу жұмыстары,негізгі құралдарды жөндеу, жем-шөп, жанар-жағармай, дәрі-дәрмектер тағы басқа) – 704,6 млн теңге», — делінген құжатта.