Шымбұлақ тау шаңғы курортында сырғанау мамырға дейін жалғасады

«Шымбұлақ» тау шаңғы курортында сырғанау 11- мамырға дейін жалғасады. Соңғы төрт айда курортқа 450 мыңдай демалушы келген, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі. Алматыда күннің жылынғанына қарамастан демалыс аймағында қар қалың, демалушылардың да саны көп. Тіптен Талғар асуы мен экстремалды тауға апаратын аспалы жолдарда ашық.

«Шаңғы маусымы 11 мамырға дейін. Қатысу бойынша:11.11.2021 мен 31.12.2021 аралығында – 181 617 адам (жаяу жүргіншілер, шаңғышылар, сноубордшылар) келді.  01.01.2022 және 26.03.2022 аралығында – 262 231 адам (жаяу жүргіншілер, шаңғышылар, сноубордшылар) келген», — деді мекеменің ресми өкілі Әйгерім Шардарбек.

Шымбұлақта биылғы маусымда да бірнеше рет халықаралық жарыстар өткен еді. Наурыздың соңғы күндері Шымбұлақтың әкімшілігі тағы бір ауқымды жарыс өткізбек. Оған бірнеше мемлекеттен әуесқой және кәсіпқой шаңғышылар қатысады.

«29-30 наурызда Шымбұлақта «КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы А. Артеменконың мемориалы» тау шаңғысы жарыстары өтеді. Бұл жарыстар 2011 жылдан бері «Шымбұлақ» тау курортының қолдауымен өткізіліп келеді, оған қазақстандықтар ғана емес, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Иран, Түркия елдерінен де шаңғышылар қатысты. Пандемияға байланысты А.И.Артеменко мемориалы 2020-2021 жылдары өткізілмеді. Биыл бұл ҚР Бірыңғай спорт күнтізбесіне (БҚК) енгізіліп, келесі жылдан бастап мемлекеттік қолдауға ие болмақ. Жарыс әуесқой шаңғышылар, кәсіби спортшылар және шаңғы спортының арадагерлері сынды барлығы 9 топ бойынша өткізіледі», — деді Шымбұлақ тау шаңғы курортының баспасөз қызметі.

Александра Артеменко – қазақстандық шаңғы спортының аңызы және мақтанышы. Оны Шымбұлақта осы спорт түрінің негізін салушы деуге болады. Ол 1951 жылы Шымбұлақта алғашқылардың бірі болып жаттығуды бастаған. Артеменко — тау шаңғысы бойынша КСРО-ның 12 дүркін чемпионы, 1956 жылы Кортина-д’Ампеццо қаласында өткен Олимпиада ойындарына қатысқан қазақстандық тұңғыш тау шаңғышы.

 

28