«Шымбұлақ» тау курорты туристерге тоғыз түрлі демалыс түрін ұсынады

«Шымбұлақ» тау шаңғы курорты демалушыларға қызықты, әрі қолжетімді қызмет түрлерін ұсынады. Тау баурайына келген  демалушыларға тоғыз түрлі қызықты қызметтің түрі көрсетіледі, деп хабарлайды Qazaq.today ақпараттық агенттігі. «Шымбұлақ» тау курортында экскурсия және баспасөз конференциясы өтіп, курорттың жазғы мүмкіндіктері туралы айтылды.

Шымбұлақ тек қана қысқы спорт түрлері үшін арналған  деген стереотиптерге қарамастан, шын мәнінде, тау шаңғысы мен сноубордтан басқа курорт қонақтарға жазғы кезеңде де көптеген ойын-сауық түрлерін ұсынады. Байк-парк, жаңа арқан саябағы, жаяу серуендеу жолдары, атпен серуендеу, парапланмен ұшу, квадроциклмен сапарлар, Gorilla Zipline, балалар үшін Kids lab жұмыс жасайды.

«Маусым айының басында балаларға арналған El Kiddo Шымбұлақ тау лагері ашылды, онда балалар демалыстарын белсенді, көңілді және пайдалы өткізе алады. Осы себепті, Shymbulak Mountain Resort өзін тау шаңғысы курорты ретінде емес, көп профильді форматтағы тау курорты ретінде көрсетеді. Шынында да, бүгінгі таңда шаңғы — бұл адамдардың курортқа келу себебінің азғантай ғана бөлігі. Көбіне адамдар таңертеңнен кешке дейін шаңғымен сырғанау үшін емес, тау жоталарындағы атмосфера үшін келеді. Олар жаңа нәрселерді көргісі келеді, сонымен қазіргі таңда адамдардың тауға шығуға деген қызығушылықтары арта түсуде», — деді «Шымбұлақ» ТК баспасөз қызметінің жетекшісі Әйгерім Шардарбек.

2021-2022 жылдардағы тау шаңғысы маусымында қысқы спорт әуесқойларының үлесі 44% болса, таудың саф ауасын жұтуға келген демалушылардың үлесі 56% құраған. Бір жылдың ішінде Шымбұлаққа 730 мыңнан астам адам келген. Демалушыларға ұсынылған қызмет түрі де қолжетімді. Мәселен, «Gorilla Zipline» аттракционында туристер небәрі 6 мың теңге төлеп, 500 метр қашықтықтағы троспен төменге қарай құлдилай сырғанайды. Экстремалды спорттың өзгеде түрлері аз емес. Аспалы арқанмен жүріп, өзін сынаудың құны -3 мың теңге тұрады.

«Жаз мезігілінде де келетін туристердің саны аз емес. Небәрі 7 мың теңгеге толық жабдықталған шатырды жалға алып, тау басында  қонуға да болады. Одан бөлек қарлы таудың басында қазақ үйде жатуға немесе әсем табиғаттың арасында салынған шағын қонақ үйде түнеуге де мүмкіндік бар. Алдағы уақытта шаңғы жолын 50 км жеткізу жоспарланған. Біздегі қонақ үйлердің сыйымдылығы 120 орын. Оны алдағы уақытта 450-ге жеткізу жоспарда бар», — деді маркетинг қызметінің басшысы Владислав Семенов.

 

 

18