22 мамырда Жарма ауданындағы Алматы — Өскемен тасжолында жол апаты болды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Полиция мәліметінше, жеңіл көлік трактордың тіркемесіне соғылған.
«Nissan Cefiro маркалы автомобильдің 36 жастағы жүргізушісі Алматы облысының Текелі қаласы жақтан Қалбатау ауылына қарай 959-шақырымда қауіпсіз қозғалыс жылдамдығынан асырып, ілеспе бағытта келе жатқан «Беларус 82.1″ маркалы трактор тіркемесінің артқы бөлігіне соқтығысты», — деп хабарлады полицейлер.
Апат салдарынан оқиға орнында 36 жастағы көлік жүргізушісі мен төрт жолаушы қаза болды. Жарақат алған тағы бір адам ауруханаға жатқызылды.
Полиция ҚК-нің 345-бабының 4-бөлігі «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша тергеу бастады.