«Шыдай алмай маңдайынан иіскедім»: Депутат Берденовтың жағдайын білді

Фото: Депутат Болат Алиевтің архиві

Мәжіліс депутаты Болатбек Алиев 21 сәуір күні Шымкент қаласындағы әкімдік маңында болған атыс кезінде жарақат алған Руслан Берденовтің жағдайын білу үшін ауруханаға арнайы барды, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Депутат бүгін таңертең Шымкентке ұшып келіп, қалалық ауруханада ем қабылдап жатқан Руслан Берденовпен жүздесті.

«Қазіргі жағдайы – орташа ауыр, реанимацияда. Сана-сезімі анық, сөйлесіп жатыр, жігерлі. Барша әріптестерден, достарымыздан сәлем айттым. Нағыз азамат. Жарайсың, Руслан!», – деп жазды депутат өз парақшасында.

Болатбек Алиев Русланның ата-анасын жақсы танитынын, әрі бұрын бірге қызмет еткенін де атап өтті. Ол жарақат алған азаматтың өмірі үшін алаңдап, маңдайынан иіскеп, рух беруге тырысқанын айтты. Шымкент қаласы – Болатбек Алиевтің бір мандатты сайлау округі. Осыған байланысты депутат атыс оқиғасынан кейін арнайы келіп, жағдаймен жергілікті жерде танысқанын мәлімдеді.

«Көп адаммен сөйлестім, өз көзіммен көрдім. Бұл – аса ауыр қылмыс. Ресми тергеу басталды, күдікті ұсталды, тергеу амалдары жүріп жатыр», – деді ол.

Депутат қазіргі таңда қоғамда әртүрлі әңгімелердің тарап жатқанын айтып, тек ресми мәліметтерге сенуге шақырды.

«Қалғаны – алыпқашпа сөздер мен негізсіз болжамдар. Бұл істе соңғы сөзді сот пен заң айтады», – деді Болатбек Алиев.

Сөз соңында депутат жарақат алған азаматқа шын жүректен саулық тілеп, ел мен қала игілігі үшін еңбек етуін жалғастыра беруіне тілек білдірді.