«Шығын 3,5 млрд теңге»: Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды

Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталғанын хабарлады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

«Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды. Қазіргі таңда процесс қатысушылары қылмыстық істің материалдарымен танысып жатыр. Тергеу кезінде келтірілген залал мөлшері бойынша әртүрлі сомалар айтылды. Енді ол 3,5 млрд теңге деп белгіленді. Осыған дейін баспасөз релизінде ақпарат болды ма, жоқ па білмедім. Перизат Қайрат ақшаны гүл дүкенін сатып алуға салған. Осылайша қоғамға өзін бизнес ханымы деп көрсеткісі келген», — деді агенттік төрағасының орынбасары Сенат кулуарында.

Тілшілер Перизат Қайраттың тәркіленген мүлкі мен бағалы заттарының тағдыры туралы нақтылады.

«Өздеріңізге белгілі, бұл мүліктердің ендігі тағдырын сот анықтайтын болады. Ол зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеуге кетуі мүмкін немесе мемлекеттің меншігіне тәркіленетін болады», — деді Жеңіс Елемесов.