«Шеврон» мен «ҚазМұнайГаз» 40 жылдық жоба үшін өзара меморандумға отырды 

«Шеврон» корпорациясы және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Қазақстанда көміртегі шығарындыларын азайту саласында әлеуетті жобаларды зерттеу үшін меморандумға отырды. «Шеврон» мен «ҚазМұнайГаз» көміртегіні ұстап қалу, кәдеге жарату мен сақтау (CCUS), төмен көміртекті сутегіні пайдалану, метан шығарындыларын басқару, энергия тиімділігін арттыру және көміртегі бағасын іштей белгілеу тетіктерін енгізу саласындағы ортақ жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін зерттемек. Меморандумға «Шеврон» Еуразия бөлімшесінің Басқарушы директоры Дерек Магнесс және ҚМГ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев қол қойды.

 

«БҰҰ Климаттық амбициялар саммитінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегіге бейтарап мемлекет болатыны туралы мәлімдеме жасаған еді. ҚазМұнайГаз өз тарапынан көміртек ізін 2031 жылға қарай 2019 жылдың деңгейінен 15 пайызға қысқартуды мақсат етіп отыр. Алдағы уақытта да Париж келісімінің және әзірленіп жатқан еліміздің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына жету жөніндегі стратегиясының міндеттеріне сәйкес жан-жақты жұмыс істемек. Дегенмен карбонсыздану біз үшін жаңа сала. Шевронның мұнай-газ саласында озық технологиялар мен жетістіктерді енгізудегі мол тәжірибесі біздің әлеуетімізді арттыруға септігін тигізіп, болашақта энергетика көздерін жаңарту бағытындағы төмен көміртегі жобаларын бірігіп іске асырамыз деген сенімдеміз», – деді ҚМГ басшысы Мағзұм Мырзағалиев.

«Шеврон» отыз жылдан бері Қазақстанға инвестиция салып келеді. Алдағы уақытта америкалық алпауыт компания елдің энергетикалық болашағына инвестиция құюды көздеп отыр.

«Бүгін «ҚазМұнайГаз» компаниясымен жасалған меморандум Қазақстанның энергетика саласын дамыту жолында компанияларымыздың қолдау ниетінің жаңа кезеңі іспетті. Біз Қазақстанның жасыл энергияға көшу мен көміртегі шығарындыларын азайту бағытында біраз жұмыс атқаратынымызға кәміл сенеміз. «Шеврон» болашақты төмен көміртекті энергетикамен байланыстырады. Парижде қабылданған келісім аясында шығарындыларды қысқарту жөніндегі жаһандық міндеттерді орындау үшін ынтымақтаса отырып жұмыс істеуіміз керек», — деді Магнесс.

«Шеврон» мен «ҚазМұнайГаз» компанияларының ынтымақтастығы – бұл Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына жету мақсаттарына қолдау көрсетудің нақты көрінісі.

Біз «ҚазМұнайГаз» компаниясымен төмен көміртекті дамыту саласындағы әлеуетті жобаларды бірге зерттеу мүмкіндігін жоғары бағалаймыз және Қазақстанның таза энергия көздеріне көшу үрдісіне мол үлес қосуды көздеп отырмыз.  2021 жылы көміртегіні ұстап қалу, кәдеге жарату мен сақтау (CCUS), төмен көміртекті сутегіні, жаңартылатын отын түрлерін, оффсеттерді пайдалану саласындағы және басқа жобалармен жұмыс істеу үшін құрылған», — деді «Chevron New Energies» бөлімшесінің президенті Джефф Густавсон.