Алматы қаласының полицейлері ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы күрес департаменті мен қалалық прокуратураның қолдауымен интернет-алаяқтықпен айналысқан екі кеңсенің әрекетін әшкереледі, деп хабарлайды Qazaq.today.
Жедел-іздестіру шаралары барысында шетелдік азамат басшылық еткен Call-орталық анықталды. Алаяқтар Оңтүстік Азия елдеріндегі банк шоттарында бұғатталған депозиттердегі қаражатты шешіп алуға көмектесеміз деген жалған уәде беріп, азаматтарды алдаған.
— Call-орталық қызметкерлерінің негізгі міндеті – кураторлардың нұсқауымен дроп-шоттарға түскен қаражатты бақылау және оларды басқа шоттарға аудару болды. Бұл қаражат әртүрлі төлем жүйелері арқылы таратылып отырған. Сондай-ақ кеңселерді тінту кезінде ақшалай операцияларды өңдеу мақсатында қолданылған 100-ден астам жүйелік блок тәркіленді. Алматы халықаралық әуежайында осы қылмыстық іске қатысы бар тағы бір адам елден қашпақ болған сәтінде ұсталды, — деп мәлімдеді Алматы қалалық ПД Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Анес Қалдыбаев.