Әйелін 8 сағат бойы аса қатыгездікпен ұрып өлтіргені үшін 24 жылға сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі қазақ қоғамын ғана емес, бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Өкінішке қарай, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы белең алып тұр. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректеріне сәйкес, отбасылық-тұрмыстық жанжалдар аясында 47,6 мың әкімшілік іс тіркелген. 2023 жылғы қаңтар-желтоқсан айларында, Салтанат Нүкеновадан басқа, елде 135 әйел қаза тапқан. Ал сенатор Жанна Асанованың айтуынша, 69 әйел отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қайтыс болған. Яғни, өлтірілген әрбір екінші әйел жақын адамының қолынан көз жұмды.
Қазақстандағы Жаза
Қазақстанда денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін. Азаптағаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе 1000 АЕК дейін айыппұл салынады. Кісі өлтіргені үшін 8 жылдан өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Германия
Германияда ұрып-соғып, денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін айыппұл салынады немесе келтірілген зиянның дәрежесіне байланысты 5 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 айдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Азаптағаны үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Өлтіргені үшін қылмыстың ауырлығына байланысты 3 жылдан өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген.
Тәжірибе: 2022 жылы қазанда Грузия азаматы әйелін пышақтап өлтіргені үшін 5 жылға сотталған. Сот оны аффект жағдайында болған деп таныды.
Ресей
Ресейде ұрып-соғып, денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін 360 сағатқа дейін міндетті жұмыс немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру тағайындалады. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін. Азаптағаны үшін 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Кісі өлтіргені үшін 6 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін.
Тәжірибе: 2023 жылы Омбы облысында 33 жастағы ер адам әйелін балтамен өлтіріп, денесін бөлшектеп, өртеп жібергені үшін 9 жылға сотталған.
Қырғызстан
Қырғызстанда ұрып-соғып, денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін 200 АЕК айыппұл немесе 100 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс қарастырылған. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін. Азаптағаны үшін 1 жылдан аса түзеу жұмыстары немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру тағайындалады. Кісі өлтіргені үшін 8 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Тәжірибе: 2011 жылы Ыстықкөл облысында ер адам қызғаныштан әйелін өртеп жібергені үшін 20 жылға сотталған.
АҚШ
Америка Құрама Штаттарында ұрып-соғып, денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін 6 айдан 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру тағайындалады. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 2 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін. Азаптағаны үшін 2 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Кісі өлтіргені үшін 4 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Тәжірибе: 2016 жылы Лоуренс Рудольф әйелін 12 калибрлі мылтықпен атып өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды және 4 877 744 доллар өтемақы мен 2 миллион доллар айыппұл салынды.
Швеция
Швецияда ұрып-соғып, денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін айыппұл салынады немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 1 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Азаптағаны үшін 1 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Өлтіргені үшін 10 жылдан өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Тәжірибе: 2021 жылы 19 қарашада руандалық ер адам әйелін өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын өтеу үшін Руандаға жер аударылуы мүмкін.
Әлемнің әр түрлі елдерінде тұрмыстық зорлық-зомбылық пен әйелін өлтіру жағдайлары қатаң жазаланады. Бұл қылмыстар үшін жазалар қатаң және алдын алу шараларын күшейту қажеттігі айқын.