Шерзатты соққанымды білмей қалдым – сотталушы

Талғар ауданында Шерзат Болаттың өліміне қатысты өтіп жатқан резонанстық қылмыстық істің сотында айыпталушы Шыңғыс Белгожаев оқиға туралы өз көзқарасын жеткізді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Оның айтуынша, оқиға 2023 жылдың 3 қазанынан 4-іне қараған түні орын алған. Белгожаев жұмысынан кейін досы Азамат Тоқтаубаевпен кездесіп, екеуі бірге Талғардағы «Эйфория» кафесіне барған. Сол жерде бірнеше таныстарымен отырған. Кеш бойы олар түрлі адамдармен кездесіп, кейінірек «Қамажай» дүкені маңына барған.

«Сол жерге барғанда шамамен он шақты адам жиналып қалған. Олардың арасында Нұрбол, Думан және Дархан Әскентай да болды. Бір кезде дүкен ішінен пышақ ұстаған адам жүгіріп шықты. Мен жағдай ушықпасын деп, қалтамдағы бәкімді алып, оны дүкенге қайта кіргізіп жібердім. Бірақ ол пышағын тастамай, қайта ұмтылды», – деді айыпталушы.

Белгожаевтың сөзінше, сол сәтте атыс дауысы естілген. Бір ер адам мылтықпен оқ атып, екінші мәрте кезенгенде, ол қауіптеніп, шабуыл жасаған.

«Мен мылтықпен оқ атқан сақалды адамды ұрамын деп ойладым. Бірақ кейін бейнежазбадан қарасам, мүлде басқа адам – марқұм Шерзатқа соққы жасағанымды түсіндім», – деді ол.

Сотталушы Шерзат Болаттан өзге ешкімге қол жұмсамағанын және пышақ қолданбағанын алға тартты.