Шерзат соты: Айыпталушы не үшін пышақ шығарғанын айтты

Шерзат Болаттың қазасына байланысты қаралып жатқан сот ісінде жаңа мәлімдеме жасалды. Айыпталушылардың бірі Шыңғыс Белгожаев сот отырысында тергеу кезінде қысым көрсетілгенін айтып, бұған дейінгі берген жауаптарынан бас тартты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Айыпталушының сөзінше, тергеу барысында құқық қорғау органдарының өкілдері оған психологиялық қысым жасап, дұрыс ақпарат беруге мәжбүрлеген.

«Дархан Әскентай төбелесті деп айтпадым. Маған қысым жасалды. Басымa пакет кигізді. Сондықтан сотқа дейінгі тергеуде берген жауабымды толық мойындамаймын», – деді Белгожаев сотта.

Алайда прокурор Дана Сәрсенбай айыпталушының неліктен бұған дейін ресми арыз жазбағанын сұрап, жауабының сенімділігіне күмән келтірді. Белгожаев қысымның физикалық із қалдырмағанын айтып, арызданудың мәні болмады деп жауап берді. Сот отырысы барысында прокурор мен судья сотталушыдан оқиға орнында пышақ ұстау, алғашқы соққыны кімнің жасағаны және не себепті қалтасына бәкі салып алғаны жөнінде бірнеше нақты сұрақ қойды. Белгожаев пышақты қорғану мақсатында өзімен бірге алғанын, алайда оны қолданбағанын жеткізді.

«Нұрымов пышақпен жүгірді. Мен оны тоқтату үшін бәкімді қалтама салып алған едім. Видеода сол сәт анық көрінеді. Бірақ ешкімге пышақ сілтеген жоқпын», – деді ол.

Судья Ержан Жанұзақов сот отырысында тәртіп бұзған айыпталушыларға ескерту жасап, мұндай жағдай қайталанса, олардың сотқа қатысу құқығынан айырылатынын мәлімдеді. Оқиғаға байланысты сот процесі жалғасып жатыр. Іс бойынша бірнеше айыпталушы тергелуде, кейбіреулері өз жауаптарынан бас тартып жатыр.