Алматы қаласы бойынша Сот-медициналық сараптама орталығының Талғар бөлімшесінде қызмет ететін сарапшы Мұхит Оралбайұлы Шерзат Болаттың денесінде табылған жарақаттар жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
«Зерттеу жүргізу барысында марқұмның сол жақ кеуде тұсында пышақ салдарынан пайда болған шаншыла кесілген жарақат анықталды. Жарақат қолтық астындағы алдыңғы және артқы сызықтың арасынан орын тепкен. Ол 5-6-қабырға аралығында орналасқан, плевра қуысына өтіп, сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігін зақымдаған», — деді сарапшы.
Мамандардың айтуынша, жарақаттың ұзындығы — 2 см, ал жара каналының бағыты арттан алдыңғы жаққа, солдан оңға, жоғарыдан төмен қарай бағытталған. Тереңдігі шамамен 12 см-ге жуық.
Сондай-ақ, марқұмның оң көзі астында қанталау, ал оң қолының сыртқы жағындағы 2, 3, 4 және 5-саусақтарында да осындай іздер анықталған. Бесінші саусақтың түбінде сызаттар байқалған. Сонымен қатар, оң иықта екі жерден қанталау мен оң жіліншіктің төменгі бөлігінде сызаттар тіркелген. Желке тұсының сол жағында да қанталаудың ізі болған.
Мұхит Оралбайұлының мәліметінше, азаматтың қаза табуына сол жақ кеудесіне тиген шаншыла кесілген жарақат тікелей себеп болған.