Шерзат Болаттың өліміне қатысты жүріп жатқан сот процесінде жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев сотқа оқиға орнында болған куәгерлердің әрекетіне құқықтық баға беруді сұрады, деп хабарлайды Qazaq Today ақпараттық порталы.
Адвокаттың айтуынша, куәгер Эльмира Нұрбекова сотта әдейі жалған мәлімет берген және аса ауыр қылмыс туралы хабарламаған. Осыған байланысты ол жеке қаулы шығарып, бұл деректі Алматы облысының прокурорына жолдауды ұсынды.
— Нұрбекова сотталушыларға тікелей бағынышты болмаған. Бұл бейнетіркегіш жазбалары негізінде хаттамада нақты көрсетілген. Видеодан оның Toyota Land Cruiser Prado көлігінде еркін отырып, телефонын пайдаланғаны және сотталушылармен еркін сөйлесіп, қалжыңдарына араласқаны анық көрінеді, — деді қорғаушы.
Оның айтуынша, Нұрбекованың оқиға орнындағы жай-күйге қатысты пікір білдіріп, әңгімеге араласуы — оған ешқандай қысым болмағанын көрсетеді. Бұл жайт Нұрқияс Ілиясовтың соттағы жауабымен де үйлеседі.