Алматы облысындағы «АзияАгроФуд» АҚ-ның құрамындағы жем зауытында жарылыс болып, салдарынан бірнеше адам жарақат алды.
Оқиға орнына шұғыл штаб құрылып, өрт сөндіру және құтқару жұмыстары жүргізілді.
Жарылыс қалай болды?
Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) мәліметінше, жарылыс астық қалдықтарының шаң-ауа қоспасының тұтануынан болған. Оқиға тоғыз қабатты элеватор ғимаратының бірінші қабатында болған.
Жарылыс нәтижесінде қатты түтін пайда болып, оқиға орнына дереу Алматы облысы ТЖД күштері мен құралдары жұмылдырылды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін арнайы штаб құрылып, төрт жауынгерлік учаске ұйымдастырылды.
Өртті сөндіруге 100-ден астам адам жұмылдырылды
Жалын 1 377 шаршы метр аумақты шарпыды. Өртті сөндіруге Алматы облысы және Алматы қаласы ТЖД, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардан жалпы саны 100-ден астам қызметкер және 31 техника бірлігі жұмылдырылды.
Құтқарушылар оқиға орнында құрылыс қалдықтарын бөлшектеу және су құю шашу жүргізді. Өрт толығымен сөндірілді.
Зардап шеккендер туралы мәлімет
Төтенше жағдай кезінде бір ересек адам баспалдақ арқылы эвакуацияланып, аман қалды.
Төрт адам ауыр жағдайда Қарасай аудандық көпсалалы орталық ауруханасының жансақтау және қарқынды терапия бөліміне жатқызылды.
Кәсіпорын не дейді?
Оқиға «АзияАгроФуд» АҚ-ның өндірістік алаңында орын алған. Компанияның ақпаратына сәйкес, жарақат алғандар – зауыт қызметкерлері. Қазір олардың жағдайы дәрігерлердің бақылауында, тиісті медициналық көмек көрсетілуде.
«Біздің басты міндетіміз – зардап шеккендерге қажетті көмек көрсету, кәсіпорын аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету және оқиғаның себептерін жан-жақты анықтау. Біз ішкі тексерісті бастап кеттік және құзырлы органдармен толықтай ынтымақтастықтамыз», – деді «АзияАгроФуд» АҚ басқарма төрағасы Саян Ашенов.
Психологиялық көмек көрсетілуде
Оқиға орнында ТЖМ-нің қауіп-қатер медицинасы орталығы және Жібек Жолы ауылдық алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығының мамандары алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетті.
ТЖД психологы да зардап шеккендермен жұмыс істеуді жалғастыруда.