ШҚО-да ер адам өртенген үйден 4 баланы құтқарып қалды

Фото: ШҚО ТЖД

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында ер адам отқа оранған үйден 4 бала мен қарт әйелді аман алып шықты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

Оқиға Зайсан ауданы Айнабұлақ ауылында болған. Шайзаданов көшесіндегі жер үйде өрт шыққан.

Оқиға орнына №25 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері келіп жеткенде дейін үй иелерінің көршісі Талғат Мүсірат көмекке ұмтылды. Ол терезе арқылы үйге кіріп, 68 жастағы әжені және 7, 5, 4 және 1 жастағы төрт баланы сыртқа алып шықты. Осылайша, 5 адамды өрттен құтқарып қалды.

«Көп ұзамай өрт сөндірушілер 30 шаршы метр аумақтағы қызыл жалынды толықтай ауыздықтады. Зардап шеккен ешкім жоқ. Алдын ала дерек бойынша өрттің шығу себебі — электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарын сақтамау», — деп хабарлады ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.