Белгілі спортшы, Қарағанды облысы Физикалық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев жаңа лауазымға тағайындалды. Бұл туралы Qazaq.today ақпарат агенттігі хабарлады.
Серік Сәпиев өзінің Instagram парақшасында бұл қуанышты жаңалықпен бөлісті. Ол өз хабарламасында Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің Президенті болып сайланғанын мәлімдеді.
Кеше өткен кезектен тыс конференция барысында Серік Сәпиев Комитеттің жаңа басшылық құрамын таныстырып, алдағы жоспарларды белгіледі. Сондай-ақ, ол Туризм және спорт министрлігіне, ардагерлерге және спорт саласының ардақты тұлғаларына ризашылығын білдірді.
Серік Сәпиевтің спорттағы жетістіктері:
Серік Сәпиев — 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында бокстан чемпион атанған. Ол 2005 және 2007 жылдары Әлем чемпионатында және 2007, 2009 жылдары Азия чемпионатында жеңіске жеткен.
2019 жылы Қазақстан Республикасының Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы болып тағайындалды, бірақ 2021 жылдың қазан айында бұл лауазымнан босатылды. 2023 жылдың сәуір айында Қазақстан спортшылар одағы Президиумының төрағасы болып сайланды.